Қазақстан мен Қытай арасында жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам келісімге қол қойды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға жұмыс сапары аясында Шанхай қаласында Қытайдың ірі жоғары технологиялық компаниялары басшыларының қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында маңызды коммерциялық құжаттарды алмасу рәсімі өтті.

Сапардың қорытындысы бойынша жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісім бекітілді. Бұл құжаттар жасанды интеллект, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы, қаржы, машина жасау және өзге де жоғары технологиялық салаларды қамтиды.

Цифрлық даму, жасанды интеллект және ІТ-инфрақұрылым

Жаңа технологиялық экожүйені қалыптастыру және жасанды интеллект жобаларын ілгерілету мақсатында келесі негізгі келісімдерге қол қойылды:

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Huawei Technologies Co., Ltd.» компаниясы арасында стратегиялық серіктестік туралы келісім жасалды.

«Самұрық-Қазына» АҚ мен «Huawei Technologies» компаниясы арасында технологиялық шешімдер мен жабдықтарды сатып алу туралы келісім бекітілді.

«Қазақтелеком» АҚ мен «HV & Submarine Hengtong Group» компаниясы арасында «Дата-орталықтар алқабын» дамыту шеңберіндегі ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімге қол қойылды.

«Транстелеком» АҚ мен «GuoDong Group» компаниясы арасында антенналық-діңгекті құрылыстар салу туралы шарт бекітілді.

Автомобиль жасау және электр көлігі инфрақұрылымы

Қазақстанның машина жасау әлеуетін арттыру және жасыл технологияларды енгізу бағытында маңызды қадамдар жасалды:

«Самұрық-Қазына» АҚ, «Freedom Holding» компаниясы, Астана қаласының әкімдігі және «Geely Auto Group» арасында Қазақстанда электр көлігі инфрақұрылымын дамыту және автомобиль саласында жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

«Аллюр компаниялар тобы» АҚ мен «Li Auto Inc.» компаниясы арасында Li Auto автокөлік өндірісін жүзеге асыру жобасы бойынша өнеркәсіптік ынтымақтастық туралы келісім жасалды.

«Astana Group» және «Chery Holding Group» арасында Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында OMODA және JAECOO автокөліктерін өндіру жөніндегі техникалық-лицензиялық келісім бекітілді.

Қаржы, инвестиция және өнеркәсіптік жобалар

Екі елдің қаржылық-индустриалдық ынтымақтастығын тереңдету мақсатында келесі құжаттар қабылданды:

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) мен «China Central Depository & Clearing Co., Ltd.» компаниясы арасында еркін сауда аймағының офшорлық облигациялары эмитенттеріне қызмет көрсету туралы келісімге қол қойылды.

«Qarmet» АҚ, ҚДБ және «Acre Coking & Refractory Engineering Consulting Corporation» компаниясы арасында «№8 және №9 кокстық батареялар кешені мен кокс газын тазарту жүйесін салу» инвестициялық жобасын іске асыру жөніндегі ұзақмерзімді стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасалды.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «NUCTECH Company Limited» компаниясы арасында Қазақстан аумағында өткізу пункттерін тексеру құралдарымен жабдықтау және өнеркәсіптік локализация өндірісін дамыту жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы келісім бекітілді.

Логистика, көлік дәліздері және робот техникасы

Жаһандық сауда хабтарын дамыту және роботтандыру технологияларын енгізу бойынша келесі уағдаластықтарға қол жеткізілді:

— ҚР Көлік министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігі және «Kazakhstan Guoyou Investment» компаниясы арасында Құрық портының бірінші кезегінде көпфункционалды терминал салу жобасы бойынша инвестициялар туралы келісімге қол қойылды.

— «Harvest Group» компаниясы мен «Minmetals Logistics Group Co., Ltd.» компаниясы арасында «Қазақстан-Қытай халықаралық логистикалық дәлізі («Қорғас – Шығыс қақпасы» екі паркі) жобасы бойынша эксклюзивті ынтымақтастық туралы келісім бекітілді.

— «Qazbot Technologies» және «Agibot PTE» компаниялары арасында стратегиялық ынтымақтастық орнатылды. Сонымен қатар Алматы қаласының әкімдігі, «NERO Group» және «UBTECH Robotics» компаниялары арасында Алматыда жасанды интеллект пен робот техникасын дамыту саласындағы келісімге қол қойылды.

Ғылым және жоғары білім саласындағы стратегиялық келісімдер

Экономикалық және технологиялық реформаларды интеллектуалдық тұрғыдан қолдау, кадрлық әлеуетті нығайту және елімізде білім саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу орталықтарын заманауи халықаралық стандарттарға сай сапалы жүзеге асыру мақсатында жоғары оқу орындары мен ғылыми институттар арасында келесі маңызды құжаттар алмасылды:

«Qazaq AI Research University» мен «Shanghai Innovation Institute» арасында жасанды интеллект зерттеулерін бірлесе дамыту туралы меморандум бекітілді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) мен Сучжоу университеті арасында бірлескен жоғары білім институтын құру туралы тарихи келісімге қол қойылды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Jiangsu Huibo Robot Technology» компаниясы арасында робот техникасы және инновациялық білім беру бағдарламаларын ілгерілету жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілді.

 

Биыл 962 шақырым канал пайдалануға беріледі — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img