Швейцарияның Женева қаласында орналасқан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) штаб-пәтерінде тұңғыш рет Қазақстанның «Ұлы дала мұрасы» атты ауқымды ұлттық көрмесі ашылды.
Экспозиция ұйымның Бас Ассамблеясының 68-сессиясы аясында ұйымдастырылды. Бұл айтулы оқиға Ассамблея қонақтары мен 194 мемлекет өкілдері үшін нағыз мәдени мерекеге айналды. 24 kz-тің мәлімдеуінше көрменің ашылу салтанатында қазақтың ұлттық аспаптарымен түрлі шығармаларды заманауи өңдеуде орындаған этно-фольклорлық ансамбль өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Мәдени мұра және жасанды интеллект үйлесімі
Көрмені алғашқылардың бірі болып тамашалаған ДЗМҰ Бас директоры Дарен Танг Қазақстанның бай мәдениеті мен технологиялық ұмтылысын жоғары бағалады:
«Бұл Қазақ елі үшін Ұлы даланы, өз мәдениетін ДЗМҰ алаңында таныстыруға берілген тамаша мүмкіндік. Мысалы, біз жаңа ғана Қорқыт ата туралы білдік. Қазақстан бай мәдениеті бар ел. Сонымен бірге ол жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріп отырған мемлекет. Көрме қазақтың мәдени мұрасын заманауи технологиялармен үйлестіре отырып таныстырады», — деп атап өтті Дарен Танг.
Көрменің негізгі мақсаты — еліміздің тарихи және заманауи құндылықтарын қатар көрсету. Экспозицияға 18-19 ғасырлардағы және бүгінгі сәндік-қолданбалы өнер туындылары, ұлттық киім үлгілері, музыкалық аспаптар мен дәстүрлі тұрмыс бұйымдары қойылған. Сонымен қатар, Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінің қорындағы суретшілердің туындылары заманауи анимация және сандық технологиялар форматында ұсынылды.
Зияткерлік меншік және Конституциялық реформалар
Женевадағы Бас Ассамблея сессиясының күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі — цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында авторлар мен өнертапқыштардың құқықтарын қорғау. Қазақстанның осы бағыттағы ұстанымы мен Ата заңға енгізілген өзгерістер туралы ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев баяндап берді.
Министрдің айтуынша, Конституциялық реформалар аясында ел тарихында алғаш рет Ата Заңның жаңа нұсқасына зияткерлік меншіктің заңмен қорғалатыны туралы арнайы қағидат енгізілді. Бұл мемлекеттің инновацияларды, креативті индустрияны және жасанды интеллект мүмкіндіктерін құқықтық шеңберде дамытуға деген берік ықыласын көрсетеді.
Халықаралық серіктестікті дамыту және мамандар даярлау кезеңдері
Қазақстан мен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы арасындағы серіктестікті нығайту мен креативті индустрияны заңды қолдау шаралары іске асырылуда.
Қазақстанда жыл сайын 4 мыңға жуық бала жүрек ақауымен дүниеге келеді — jananews.kz


