Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу үшін сұхбаттасу тәртібі өзгерді

Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат (ТТҚ / ВНЖ) алуға өтініш білдірген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалармен сұхбат жүргізу қағидаларына маңызды өзгерістер енгізілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер және Цифрлық даму министрліктерінің бірлескен бұйрығына сәйкес, визасыз режимдегі елдердің азаматтары үшін арнайы ведомствоаралық комиссия құрылады. Жаңа тәртіп иммиграциялық процестерді бақылауды күшейтуге, құжаттарды цифрлық форматта қарауға және қандас мәртебесін беру тетіктерін нақтылауға бағытталған.

Арнайы комиссия және сұхбаттасу форматы

Кемінде 5 адамнан тұратын комиссияға жергілікті жұмыспен қамту, мәдениет және ішкі саясат басқармаларының, ішкі істер органдарының және білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің өкілдері енеді. Өтініш портал арқылы түскеннен кейін жергілікті орган құжаттарды 1 жұмыс күні ішінде комиссияға жолдайды, ал сұхбаттасу 5 жұмыс күні ішінде ұйымдастырылады. Сұхбат бетпе-бет немесе жеке басын бейнебайланыс арқылы анықтауға мүмкіндік беретін мессенджерлер арқылы онлайн өтеді. Күні, уақыты және орны үміткердің жеке кабинетіне жолданады.

Мемлекеттік қызметтерді көрсетуге рұқсат беру немесе бас тарту туралы ұсыным комиссия мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқан отырыста ашық дауыс берумен қабылданады. Шетелдіктер Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық мекемелерінде B8 және C1 санатындағы визаларды рәсімдеу кезінде сұхбаттан өтеді.

Қандас мәртебесіне қатысты жаңа талаптар

Ережелер қандас мәртебесін алу және оның күшін жою шарттарын да қатаңдатты. Қандастар мен олардың отбасы мүшелері өтініш берген кезде банк құпиясына, несиелік берешекке, ай сайынғы төлемдерге қатысты мәліметтерді өңдеуге ресми келісім беруі тиіс. Мәртебе алғаннан кейін Үкімет белгілеген өңірлерде тұрақты тұруға рұқсат алу үшін 3 ай ішінде өтініш бермеген жағдайда қандас мәртебесінің күші жойылады.

Қазақстан азаматтығын алғанға дейінгі 5 жылда банк шотындағы қаржылық қаражаттың болуы расталмаса, берілген мәртебе тоқтатылуы мүмкін. Экономикалық маңызы бар басым жобалардың қатысушыларына, инвесторларға және сұранысқа ие мамандық иелеріне қойылатын талаптар жеке тәртіппен бекітілді.

Мемлекет басшысы БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбановты қабылдады — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img