Астана қаласында германиялық туристік индустрияның ең ірі шараларының бірі – DRV Destination Forum 2026 алғаш рет ұйымдастырылды.
Ауқымды халықаралық форумға Германиядан келген 69 делегатты қоса алғанда, екі елдің жетекші туроператорлары, салалық қауымдастықтар мен мамандандырылған БАҚ өкілдерінен тұратын 130-ға жуық адам қатысты. Іс-шараның ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Германияның Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар негізгі туристік нарықтардың бірі екенін атап өтті.
Неміс туроператорларының өңірлерге сапары және B2B кездесулер
Форум қарсаңында және іскерлік бағдарлама аясында маңызды жұмыстар атқарылды. 20–24 тамыз аралығында германиялық делегация Алматы мен Шымкент қалаларына, сондай-ақ Алматы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының туристік нысандарын аралап, елдің әлеуетімен танысты. Форумның іскерлік бөлігінде қазақстандық және неміс компаниялары арасында тікелей келіссөздер жүргізілді. DRV бағалауынша, бұл тікелей іскерлік байланыстар алдағы жылдың өзінде Қазақстанға келетін неміс туристерінің санын 25%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Германиядан елімізге жыл сайын шамамен 100 мың турист келеді, олардың үштен бірінен астамы ұзақ мерзімді сапарларды таңдайды.
Ынтымақтастық тарихы және DRV ассоциациясының рөлі
Бұл ауқымды форум Kazakh Tourism ҰК АҚ пен Германияның Deutscher Reiseverband (DRV) туристік қауымдастығы арасындағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде жүзеге асты. 2025 жылғы техникалық сапардан кейін, биыл наурызда ITB Berlin көрмесі аясында Туризм және спорт министрлігі мен DRV арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді. DRV Германияның туристік индустриясындағы 3 мыңнан астам компанияны біріктіріп, ел азаматтарының ұйымдастырылған туристік сапарларының шамамен 90%-ын қамтамасыз етеді.
Елімізде халықтың басым бөлігі қай салаларда жұмыс істейді? — jananews.kz

