Қазақстанда экологиялық ахуалды жақсарту және климат өзгерістеріне қарсы күрес аясында ауқымды орман-климаттық жоба қолға алынмақ.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі пен Private Company «First Carbon Group Ltd.» компаниясы арасында орман-климаттық жобалар мен көміртек бірліктері саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат «Орталық Азияның Жасыл белдеуі» халықаралық бастамасы аясында іске асырылып, елімізде 1 млн гектардан астам жерге орман екпелерін отырғызуды көздейтін стратегиялық жоспардың маңызды бөлігіне айналмақ.
100 мың гектар жасанды орман және климаттық инвестициялар
Бастапқы кезеңде ауқымын кейіннен кеңейту мүмкіндігімен шамамен 100 мың гектар аумақта жасанды ормандар құру көзделген. Жоба деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіруге, парниктік газдардың атмосферадан сіңірілуін ұлғайтуға және табиғи тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. Халықаралық климаттық және инвестициялық қаржыландыруды тарту, сондай-ақ көміртек бірліктерін қалыптастыру арқылы жасыл экономиканы дамытуға жол ашылады. Жалпы республика бойынша «Орталық Азияның Жасыл белдеуі» шеңберінде 1 млн гектардан астам аумаққа орман екпелерін отырғызу жоспарланып отыр.
Стратегиялық маңызы және жүйелі тәсіл
Экология министрлігінің мәліметінше, мұндай тәсіл мемлекеттік бюджетке ғана сеніп қоймай, қосымша инвестициялар тарту арқылы елдегі орман алқаптарын жедел түрде ұлғайтуға мүмкіндік береді. Орман экожүйелерін кеңейту табиғатты қорғау, климаттық міндеттемелерді орындау және инвестициялық тартымдылықты арттыру сияқты маңызды бағыттарды қатар қамтиды.

