Ресейдің Владивосток қаласында өткен академиялық ескек есуден халықаралық регатада Қазақстан командасы сәтті өнер көрсетіп, ел қоржынын 4 медальмен толықтырды.
Биыл 5-рет ұйымдастырылған беделді жарыста отандастарымыз 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальға қол жеткізді. Бұл доданың басты ерекшелігі – жағалаудағы академиялық ескек есу түрі 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына ресми түрде енгізілген.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер тізімі
Халықаралық бәсекеде ұлттық құрама сапынан 6 спортшы бақ сынап, жоғары нәтижелерді көрсетті:
Анастасия Кулинич жағалаудағы ескек есу мен жекелей сында бой көрсетіп, финалда 1000 метр қашықтықты 3:37.63 секундта бағындырып чемпион атанды.
Зал ішінде «концепт» дисциплинасы бойынша жекелей сында Батыр Мәдиев екінші болып мәреге жетті.
Арыстан Айбеков жағалаудағы ескек есу бәсекесінде 3:20.79 секунд нәтижесімен үшінші орынға ие болды.
Сонымен қатар Анастасия Кулинич, Арыстан Айбеков, Батыр Мәдиев және Дарья Лялина кіретін аралас командалық құрам микст сынында үздік үштікті түйіндеді.
БУРАБАЙДА КҮЗДЕ НЕМЕН АЙНАЛЫСУҒА ЖӘНЕ НЕ КӨРУГЕ БОЛАДЫ? — jananews.kz

