2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік қолдау көрсету жүйесі өзгереді.
Енді мемлекеттік көмек әр отбасының нақты материалдық жағдайы мен табысы ескеріліп қана тағайындалады, деп хабарлайды jananews.kz.
Әділетті әлеуметтік саясат және атаулы көмек
Құрылтай отырысында сөз сөйлеген Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа тәсілдің маңыздылығын түсіндірді. Үкімет басшысының айтуынша, бұрынғы жүйеде кейбір әділетсіздіктер орын алған:
«Көпбалалы отбасылардың табысы жоғары немесе төмен екеніне қарамастан, олардың барлығы мемлекеттен бірдей қолдау алып отыр. Біздің ойымызша, бұл – әділетті емес. Өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты азаматтар мемлекет көмегіне сүйенбей, өз күшіне сенуі керек», – деді Премьер-министр.
Премьер-министр мемлекет тек шынымен де өмірлік қиын жағдайға тап болып, өз бетінше күнін көре алмайтын азаматтарға ғана қолдау көрсететінін және алдағы уақытта да қолдайтынын қадап айтты. Әлеуметтік көмектің басты мақсаты – азаматтарды тұрақты түрде жәрдемақыға тәуелді ету емес, керісінше, олардың өз бетінше табыс тауып, мұқтаждар санатынан шығуына нақты мүмкіндік жасау.
Бюджет қаражатын үнемдеу және тиімді бағыттау
Үкімет басшысының мәлімдеуінше, бұл жаңа тәсіл мемлекеттік қаржыны әлдеқайда тиімді жұмсауға жол ашады. 2027 жылы бұл өзгерістің арқасында бюджеттің 700 миллиард теңгесін үнемдеуге болады. Ал алдағы 3 жыл ішінде шамамен 2,5 триллион теңге үнемделіп, бұл қаржы басқа да маңызды әлеуметтік және экономикалық бағыттарға жұмсалады.
Франкфурт кітап жәрмеңкесінде Қазақстанның 300-ге жуық туындысы ұсынылды — jananews.kz

