Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу процесін одан әрі цифрландырып, азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында маңызды бастама көтерілді.
Теориялық емтихандарды қашықтықтан тапсыру мүмкіндігін енгізу мәселесі жан-жақты пысықталуда, деп хабарлайды jananews.kz.
ҰТО алаңдарын пайдалану және пилоттық жоба
Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің берген жауабында бұл бағытта атқарылған жұмыстар баяндалды.
«Теориялық емтихандарды қабылдау үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшелері базасын қолдануға мүмкіндік жоқ. Өйткені ол алаңдар өзге емтихандар қабылдауға арналмаған. Ал Ұлттық тестілеу орталығының (ҰТО) алаңында бұл сынақты қабылдауға толық мүмкіндік бар», – деді министр.
Осыған орай, Астана қаласында Ұлттық тестілеу орталығының алаңдарын пилоттық режимде пайдалануға уағдаластық жасалды. Қазіргі уақытта қажетті техникалық дайындық жұмыстары аяқталып, тиісті бірлескен бұйрыққа қол қойылды. Аталмыш жоба осы айда іске қосылып, кейіннен республика өңірлеріне кезең-кезеңімен таратылады.
Жасанды интеллект және прокторинг жүйесі
Алға қойылған ауқымды міндеттердің бірі – заманауи жасанды интеллект (ЖИ) пен прокторинг технологияларын қолдана отырып, теориялық сынақтарды қашықтан тапсыру үдерісін жолға қою. Бұл инновациялық тәсіл мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына (МХҚО) түсетін күнделікті жүктемені айтарлықтай азайтып, мемлекеттік қызметтерді алуды әлдеқайда жылдам әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Жұмыс істейтін әйелдердің декреттік төлемі сақталады — jananews.kz

