Жұмыс істейтін әйелдердің декреттік төлемі сақталады

Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа әлеуметтік жәрдемақы саясаты мен декреттік төлемдерді тағайындау тәртібіне қатысты қоғамда туындаған сұрақтарға Құрылтай депутаты Ләззат Қожахмет түсінік берді, деп хабарлайды jananews.kz.

Жұмыс істейтін әйелдерге төленетін жәрдемақылар

Депутаттың айтуынша, ресми түрде еңбек етіп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына міндетті аударымдар жасап жүрген әйелдер үшін ешқандай өзгеріс жоқ – декреттік төлемдер толық көлемде сақталады. Отбасының материалдық жағдайына немесе ауқаттылығына қарамастан, жұмыс істеп жүріп бала босанған әйелдерге бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын тиісті төлем беріледі. Ананың соңғы 2 жылдағы орташа айлық жалақысының 40 %-ы мөлшерінде бала 1,5 жасқа толғанша төлене береді.

«Сіз жұмыс істеп жүрдіңіз, ай сайын барлық жарнаны төлеп тұрдыңыз. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры бұған дейін алған жалақыңыздың 40 пайызын төлей береді. 1 қаңтардан кейін де дүниеге бала әкелген әйелдер бұл төлемді ала береді», – деді Ләззат Қожахмет.

Жұмыс істемейтін азаматтарға қойылатын талаптар

Ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде жұмыс істемейтін, үй шаруасында отырып бала көтерген әйелдерге қатысты әлеуметтік көмек беру тәртібі отбасының нақты мұқтаждық деңгейіне қарай қарастырылады. Егер отбасы шынымен де мұқтаж санатына жатса, мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі. Егер отбасының жеткілікті табысы болып, әйел адамның жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бола тұра жұмыс істемесе, бұл санаттағы азаматтарға аталмыш төлем берілмейді.

Қазіргі статистикаға сәйкес, елімізде ерекше ауқатты немесе жоғары табысты санаққа жататын шамамен 11 мыңға жуық әйел бар. Депутат жұмыс істеп жүрген аналардың алаңдауына ешқандай негіз жоқ екенін, мемлекет өз еңбегімен табыс тауып жүрген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты.

Қазақстан мен Бельгия Паркинсон ауруын ерте анықтайтын жасанды интеллект әзірлейді — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img