Астана мен Нью-Йорк арасында тікелей рейс ашылады

Қазақстан авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, жаңа транзиттік бағыттарды қолға алуда.

Елордада өтіп жатқан ICAO-2026 халықаралық апталығында еліміздің АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашуға дайындық жүргізіліп жатқаны мәлім болды, — деп хабарлайды jananews.kz.

ICAO-2026 форумы және қауіпсіздік көрсеткіштері

Астанада әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған авиация саласының өкілдері ұшу қауіпсіздігі, жасанды интеллекттің салаға әсері, кибершабуылдардан қорғану және ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану мәселелерін талқылауда. Қазақстан мұндай ауқымды халықаралық іс-шараны алғаш рет қабылдап отыр. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік көрсеткіші 95,7 %-ға жеткенін жоғары бағалап, елдің халықаралық стандарттарға толық сай жұмыс істейтінін атап өтті.

Астана – Нью-Йорк рейсі және жаңа ұшақтар

ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, жуырда АҚШ-тан келген инспекторлар еліміздің авиациялық қауіпсіздік жүйесін тексеріп, жоғары баға берген. Жыл соңына дейін АҚШ бағытына рейстер орындауға рұқсат алу жоспарланған. Қарастырылып жатқан негізгі бағыт – Астана – Нью-Йорк. Атлант мұхитын қосымша жанармай құймай кесіп өтетін ұзын қашықтыққа ұшатын Boeing 787 (Dreamliner) ұшағын желтоқсан айында әкелу жоспарланған. Барлық талаптар орындалса, келесі жылы аталмыш тікелей рейс ресми түрде ашылады деген үміт бар.

Қазақстан басқа да бағыттар бойынша рейстер санын 160-қа дейін жеткізуді көздеп отыр. Алдағы уақытта Қытайдың 30 қаласына және Үндістанның 10 қаласына жаңа рейстер ашылып, транзиттік жолаушылар ағыны артады. Сонымен қатар Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия және Түркия бағыттарындағы рейстер саны да қосымша ұлғайтылмақ.

Жасанды интеллекттің пайдасы көп пе, зияны ма? — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img