World Justice Project халықаралық ұйымының жаңа зерттеу нәтижелері бойынша, Қазақстан қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейі бар әлемнің үздік 50 елінің қатарына енді.
Еліміз бұл көрсеткіш бойынша жаһандық рейтингте 41-ші орынға тұрақтады, деп хабарлайды jananews.kz.
Рейтинг қалай есептеледі және Қазақстанның көрсеткіштері қандай?
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік индикаторы халықтың қылмыстан, терроризмнен, қарулы қақтығыстардан және саяси зорлық-зомбылықтан қорғалу деңгейін өлшейді. Зерттеу жалпыға қолжетімді статистиканы талдауға және 138 мыңнан астам үй шаруашылығы мен мыңдаған заңгерлердің сауалнамасына негізделген. Соңғы 4 жылда Қазақстан бұл бағытта тұрақты жақсарып келеді. Мәселен, 2023 жылы 44-ші орында болса, 2024 жылы 43-ші, 2025 жылы 42-ші орынға көтеріліп, биыл 41-ші сатыға жетті. Қазақстанның бұл сала бойынша индексі 0,80 баллды құрады.
Еліміз бұл тұрғыдан ТМД елдері арасында көш бастап қана қоймай, Қытай (44-ші орын), Франция (48-ші орын), Грузия (50-ші орын), Португалия (53-ші орын), Италия (64-ші орын), Түркия (67-ші орын) және Греция (73-ші орын) сияқты бірқатар дамыған мемлекеттерді басып озды.
Рейтингтің көш басында Сингапур (0,94 балл) тұрса, алғашқы ондыққа Люксембург, Дания, Ирландия, Жапония, Норвегия, Швеция және басқа да елдер кірді.
Заң үстемдігі индексі
Қауіпсіздік индикаторы – World Justice Project есептейтін жалпы Заң үстемдігі индексінің бір ғана құрамдас бөлігі. Аталған ауқымды зерттеуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, үкіметтің ашықтығы, негізгі құқықтарды сақтау және сот жүйесінің жұмысы сияқты параметрлер де бағаланады.
Жалпы Заң үстемдігі индексі бойынша Қазақстан 143 елдің арасында 67-ші орынға ие болып, өңірдегі бірқатар көршілес мемлекеттерден (Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан, Беларусь, Ресей және Түркия) жоғары нәтиже көрсетті. Бұл тізімде Дания, Норвегия және Финляндия елдері көш бастап тұр.
Португалия ауруханаларында пациенттерге үй жануарларын көруге рұқсат етіледі — jananews.kz

