Допингке қарсы күрестің әлемдік көшбасшылары Астанада бас қосады

Қараша айында Астана қаласында әлемдік спорт саласындағы маңызды халықаралық шаралардың бірі өтеді.

Елордада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Атқарушы комитеті мен Құрылтайшылар кеңесінің (Foundation Board) отырыстары ұйымдастырылады, — деп хабарлайды jananews.kz. Халықаралық ауқымдағы жиындарға допингке қарсы күрес саласының жетекші өкілдері, мемлекеттік органдардың, спорт ұйымдары мен ұлттық допингке қарсы құрылымдардың басшылары қатысады.

Кездесулер барысында қандай мәселе талқыланбақ?

Кездесулер барысында жаһандық допингке қарсы жүйені дамыту, таза спорт қағидаттарын нығайту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жолдары қарастырылады. Күн тәртібінде Дүниежүзілік допингке қарсы кодексті іске асыру, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, білім беру және ғылыми бағдарламаларды дамыту мәселелері тұр. Айта кетейік, WADA Құрылтайшылар кеңесі — ұйымның стратегиялық даму бағыттарын айқындайтын жоғары басқару органы. Ал Атқарушы комитет агенттіктің қызметіне басшылық жасап, маңызды басқарушылық шешімдерді қабылдайды.

Қазақстан мен WADA арасындағы ынтымақтастық

Қазақстан мен Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары сапалы жаңа деңгейге көтерілді. 2025 жылдың қазанында WADA президенті Витольд Банька Қазақстанға тарихи сапармен келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті және елде спортты дамытуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. 2026 жылғы 22 наурызда ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен WADA президенті Витольд Банька өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат допингке қарсы білім беруді дамытуға, ережелерді бұзудың алдын алуға және ғылыми зерттеулер жүргізуге бағытталған.

Мамандардың пікірінше, мұндай деңгейдегі жаһандық жиындардың Қазақстанда өтуі тек елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінде допингке қарсы күрес жүйесін жетілдіруге және таза спорт қағидаттарын ілгерілетуге серпін береді.

Алматыда жеке тасымалдаушы компаниялар субсидия төлемі кешіктірілгендіктен, автобустар саны азайды — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img