Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Баладжи Шринивасанмен кездесті.
Тараптар елдегі технологиялық экожүйені дамыту, білім беру мен инновация саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, — деп мәлімдеді Ақорда.
Технологиялық экожүйе және «Халықтық құрылыс» бастамасы
Кездесу барысында Президент Қазақстан технологияны терең меңгерген көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеу үшін білім, ғылым және цифрлық құзыретке белсенді инвестиция салып жатқанын айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасы келешек ұрпаққа маңызды мұра қалдыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Бағдарлама аясында жаппай әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, атап айтқанда мектептер, университеттер мен медицина мекемелерін салу жоспарланған.
Президент Астанада Network School Kazakhstan желісінің іске қосылуын және оның отандық университеттермен, стартаптармен әрі технологиялық кәсіпорындармен серіктестігін кеңейту ниетін құптады.
Network School жобасының мүмкіндіктері
Өз кезегінде Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан Қазақстанда озық технологиялық шешімдер мен экономиканың дәстүрлі салалары үйлесім тауып отырғанын айрықша атап өтті. Ол жобаның басым бағыттарын таныстырып, цифрлық шешімдерді ілгерілету, адам капиталын дамыту және инновациялық әзірлемелерге қолайлы жағдай жасау жоспарларын бөлісті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Astana AI Film фестиваліне инвестициялық тұрғыдан қолдау көрсеткені үшін Баладжи Шринивасанға ризашылығын білдірді.
Еске сала кетейік, штаб-пәтері Қазақстанда орналасқан Network School жобасы бұған дейін 2 миллиард доллар бағамен инвестиция тарту кезеңіне өткен болатын. Компания Астанада технологиялық кампус ашып, халықаралық деңгейдегі мамандар мен стартаптарды тартуды көздеп отыр.
Допингке қарсы күрестің әлемдік көшбасшылары Астанада бас қосады — jananews.kz

