Елімізде медициналық туризмді жүйелі түрде дамыту мақсатында 2027–2030 жылдарға арналған ведомствоаралық жоспар әзірленді.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында мәлім етті, — деп хабарлайды jananews.kz.
Медициналық турпакеттердің мазмұны мен сервистік мүмкіндіктері
Шетелдік емделушілерді тарту және елдің әлеуетін арттыру үшін сапалы сервисті қамтитын кешенді пакеттер жасақталды. Турпакеттерге медициналық және санаторийлік-курорттық ұйымдардың қызметтерімен қатар трансфер, тұру, тамақтану және кәсіби аудармашы кіреді (бұл ретте пациентті алып жүретін жақындары да ескерілген).
Пациенттің бастапқы өтініші келіп түскен сәттен бастап, емделіп шыққаннан кейінгі кезеңдегі сүйемелдеуге дейінгі барлық үдеріс бірыңғай жүйемен қамтылады. Бұл іске отандық медициналық ұйымдар, туроператорлар мен арнайы сервистік компаниялар жұмылдырылады. Әзірленген прайс-парақтар мен қызмет түрлерін шетелде туристік агенттіктер мен елшіліктер арқылы, әсіресе медициналық виза мүмкіндіктерін ескере отырып насихаттау көзделген.
Заңнамалық түзетулер мен алдағы жоспарлар
Үкімет басшысы медициналық туризмді дамытудың бірыңғай тетігін қалыптастыру үшін негізгі ұғымдарды бекітетін, уәкілетті органдардың құзыретін нақтылайтын заңнамалық түзетулер дайындалғанын айтты. Жаңа жоспар нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге, статистикалық есепті жүйелеуге, қызмет көрсету стандарттарын жақсартуға және жетекші ғылыми медициналық орталықтар мен институттардың әлеуетін арттыруға бағытталған.
Алматыда «Қалқаман» метро бекеті 1 желтоқсанға дейін ашылады — jananews.kz

