Бельгия астанасы Брюссель қаласында екі күнге созылған Дүниежүзілік туризм форумы өз жұмысын аяқтады.
Жаһан елдерінен екі мыңнан астам делегаттың басын қосқан ауқымды басқосуда саяхат индустриясының бүгінгі көрсеткіштері, өзекті мәселелері мен болашақ бағыттары талқыланды, — деп хабарлайды jananews.kz.
Жаһандық туризмнің көрсеткіштері мен негізгі түйткілдері
БҰҰ мәліметінше, былтыр әлем бойынша 1,5 миллиард адам саяхаттаған, бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден де асып түскен. Дүниежүзілік саяхат кеңесінің дерегінше, туризмнің әлемдік экономикаға қосқан үлесі 11,6 триллион долларға жетіп, жаһандық ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 10%-ын құрады. Қазіргі таңда бұл салада 366 миллион адам еңбек етуде. Еуропа өткен жылы 793 миллион шетелдік турист қабылдап, әлемдегі ең ірі туристік бағыт мәртебесін сақтап отыр. Дегенмен, форумда саланың дамуына тұсау болып отырған бірқатар кедергілер атап өтілді:
- Қонақ үйлер, мейрамханалар мен әуе билеттері бағасының өсуі отбасылық бюджетке салмақ түсіріп, туристердің сапар ұзақтығын қысқартуға немесе арзанырақ бағыттарды таңдауға мәжбүр етуде.
- Туристердің белгілі бір аймақтарға шамадан тыс шоғырлануына жол бермеу, табиғат пен мәдени мұраны сақтау басты міндеттердің бірі ретінде көтерілді.
Қазақстанның әлеуеті мен цифрландыру мәселесі
Жаһандық туристік нарықта Орталық Азия елдерінің, әсіресе Қазақстанның әлеуеті артқаны шетелдік мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Жиынға қатысқан отандық делегаттар сапалы инфрақұрылым қалыптастырып, саланы цифрландыру қажеттігін алға тартты.
Туризм саласының өкілі Қайрат Сәдуақасовтың айтуынша, қазіргі уақытта туристік ағынды бақылау күрделі міндетке айналғандықтан, цифрландыру құралдары арқылы бұл қозғалысты жан-жақты қадағалап, елге келетін туристердің нақты санын анықтау маңызды. Сарапшылар саланы дамыту үшін қыруар инвестиция құю және табиғатты қорғау мемлекеттік экономикалық саясаттың басым бағытына айналуы тиіс екенін атап өтті.
Су шаруашылығы мамандарының жалақысы тағы 15%-ға артты — jananews.kz

