Енді азаматтардың шағымын өзара сілтеуге жол берілмейді

Елімізде азаматтардың өтініштерін ведомстволар арасында негізсіз қайта жолдауға қарсы жауапкершілік күшейтілді.

Бұл туралы Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің басшылығымен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде өткен арнайы кеңесте мәлім болды, — деп хабарлайды jananews.kz.

Өтініштерді қайта жолдауға қатысты жаңа норма

Орталық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау, сот органдары мен әкімдіктердің өкілдері қатысқан жиында соңғы жылдары шенеуніктердің формалды жауаптарына және өтініштерді бір-біріне сілтеу жағдайларына қатысты шағымдардың көбейгені талқыланды. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті нақты статистикалық деректерді келтіріп, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген жауапкершілік шараларын түсіндірді.

«2026 жылғы 8 қарашадан бастап жаңа норма қолданысқа енгізілді. Оған сәйкес, егер мемлекеттік органдар өтінішті үш реттен артық қайта жолдаса, олар мәселені өз бетінше не себепті шеше алмайтынын және оны басқа ведомствоға қандай негізде жолдайтынын жазбаша түрде түсіндіруге міндетті. Бұл ретте екі органның да өкілеттіктерін растайтын нормаларға сілтеме жасалуы тиіс», — делінген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің хабарламасында.

Бұл қадам негізсіз бюрократияны жойып, мемлекеттік органдардың азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға және мәселені мәні бойынша шешуге бағытталған.

«Жасырын» мемлекеттік қызметтер және жүйелі талдау

Кеңес барысында мемлекеттік қызметтердің «жасырын» түрлеріне қатысты мәселелер де көтерілді. Мұндай жағдайларда азаматтардан жүйелі түрде бірдей сұраулар түскенімен, мемлекеттік органдар қызметті автоматтандыру және проактивті форматқа көшірудің орнына, жылдар бойы бірізді үлгілік жауаптар берумен шектеліп келген.

Осыған байланысты жиын қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің басшылығына ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келе жатқан күрделі өтініштермен жеке және нысаналы жұмыс жүргізу тәжірибесін енгізу, өтініштердің туындау себептеріне жүйелі талдау жасап, оларды түбегейлі жою шараларын қабылдау және шағымдарды тұрақты негізде сапалы қарауды қамтамасыз ету және оларды ведомстволар арасында негізсіз қайта жолдауға жол бермеу тапсырмалары берілді.

Қазақстан пайдалы модельдерді патенттеу бойынша әлемнің үздік 15 елінің қатарына енді — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img