Қазақстанда бұрын тек шетелде жасалатын күрделі травматологиялық және ортопедиялық операциялар бүгінде отандық клиникаларда табысты жүргізілуде.
Бұл туралы Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының травматолог-ортопеді Досбол Ғалымұлы мәлімдеді, — деп хабарлайды 24kz.
Роботтандырылған жүйелер мен 3D технологиялардың мүмкіндігі
Маманның айтуынша, заманауи роботтандырылған кешендер мен жасанды интеллект технологиялары хирургиялық араласудың дәлдігін арттырып, емделушілердің тезірек қалыпқа келуіне жол ашты. Қазір елімізде омыртқа хирургиясы, эндопротездеу, артроскопия және ауыр жарақаттарды емдеу бағыттары қарқынды дамуда. Сонымен қатар Қазақстанда Азияның көптеген елдерінде кездесе бермейтін микрохирургиялық орталық құрылған.
«Робот дәрігерді толық алмастыра алмайды. Бірақ хирургке үлкен мүмкіндік береді. Үш өлшемді өлшемдер арқылы әр науқастың анатомиялық ерекшелігін ескеріп, имплантты барынша дәл орналастыруға болады. Соның нәтижесінде операция сапасы артып, науқастың тезірек аяққа тұруына жағдай жасалады», — деді Досбол Ғалымұлы.
Робот көмегімен жамбас және тізе буындарын алмастыру тәжірибесі елеулі өзгерістер әкелді. Бұрын бір тізе буынына ота жасалған соң, екіншісін алмастыру үшін алты айдан бір жылға дейін күту қажет еді. Қазір робот жүйесінің көмегімен екі тізе буынын бір уақытта алмастыруға болады. 3D бағалау имплантты науқастың анатомиясына сәйкес дәл орнатуға мүмкіндік береді. Орталықта ірі буындарды эндопротездеумен айналысатын үш бөлімше жұмыс істейді, ал соңғы екі жылда роботтық операциялар саны тұрақты өсуде.
Медициналық туризм: шетелдік науқастар саны 80 мыңға жетті
Отандық травматологияның жетістіктері шетел азаматтарының да қызығушылығын арттырып отыр. Егер 3–4 жыл бұрын Қазақстанға медициналық көмек сұрап келетін шетелдіктер саны жылына шамамен 20 мың болса, соңғы жылдары бұл көрсеткіш 80 мыңға дейін өскен. Дәрігердің сөзінше, елімізге Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Ресей және Еуропа мемлекеттерімен қатар, Канада мен Қытайдан да ем іздеп келетін науқастар көбейген. Шетелдіктер негізінен омыртқа хирургиясы, жамбас сүйегіне жасалатын оталар, артроскопия және робот көмегімен буын алмастыру қызметтеріне жиі жүгінеді.
«Бұрын шетелде кезек күтіп немесе түрлі қиындықпен жасалатын күрделі операциялардың басым бөлігі қазір Қазақстанда қолжетімді. Бұрын шетелдік науқастарды сирек қабылдайтынбыз. Қазір жағдай өзгерді. Қазақстанға емделуге арнайы іздеп келетін адамдар көбейді», — деп атап өтті травматолог-ортопед.
Жалпы, соңғы 35 жылда Қазақстан медицинасы технологиялық жағынан айтарлықтай жаңарып, күрделі оталарды ел ішінде жасау деңгейіне жетті. Алдағы уақыттағы басты міндет — озық технологияларды кеңінен енгізу, олардың қолжетімділігін арттыру және жоғары білікті мамандар даярлау.
Күз басталғалы 1,4 миллионнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелген — jananews.kz

