Енді рецепт электронды форматта беріледі

Қазақстанда дәрі-дәрмек айналымын бақылау және рецептімен босатылатын препараттардың сатылуын реттеу мақсатында бірыңғай цифрлық жүйе іске қосылмақ.

Жаңа жобаны келер жылдың екінші тоқсанынан бастап енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Цифрландыру департаментінің басқарма басшысы Бауыржан Мелдебай мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.

Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?

Министрлік өкілінің айтуынша, жаңа цифрлық экожүйе дәрігердің дәрі тағайындауынан бастап, пациенттің оны дәріханадан сатып алуына дейінгі барлық процесті электронды форматта қадағалауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде бірқатар медициналық ұйымдар өз жүйелерін орталық базамен интеграциялап, тегін берілетін дәрілердің қозғалысын бақылауда. Келесі кезеңде дәріханалардағы сатылым толық электронды форматқа көшіріледі.

Жүйе антибиотиктер мен рецептімен берілетін өзге де дәрілердің заңсыз айналымын тоқтатуға көмектеседі.Пациент дәріханаға барғанда электронды рецептісін немесе жеке мәліметтерін көрсетеді. Дәріхана қызметкері орталық базадан дәрігердің тағайындауын тексеріп, препаратты сол негізде береді. 

«Қағаз рецептілерден толықтай бас тартып, электронды форматқа көшу арқылы дәрі-дәрмекті босату процесінің ашықтығын қамтамасыз етеміз. Орталық жүйеде нақты қай пациентке қандай дәрі тағайындалғаны көрініп тұрады. Осылайша, дәріні тағайындау және босату тәртібі цифрлық бақылауға алынады», — деп түсіндірді Бауыржан Мелдебай.

Пилоттық кезең және жеке деректер қауіпсіздігі

Жоба алдымен пилоттық режимде іске қосылып, оған қатысатын дәріханалардың тізімі мен техникалық дайындығы пысықталады. Сынақ кезеңінің нәтижесіне қарай жүйе кезең-кезеңімен кеңейтіліп, тиісті нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізілмек. Сонымен қатар министрлік азаматтардың медициналық құпиясы мен жеке деректерінің қорғалуына басымдық беріп отыр:

«Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі біз үшін әрдайым бірінші орында. Пациенттің жеке деректері кез келген адамның қолжетімділігінде болмайды. Барлық мәлімет арнайы қорғалған серверлерде сақталып, құзыретті мемлекеттік органдардың бақылауында болады», — деді басқарма басшысы.

Жалпы, электронды рецепт жүйесін енгізу медициналық ұйымдар мен дәріханалардың ақпараттық платформаларын біріктіріп, дәрі-дәрмек нарығындағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Олжас Бектенов Aitu платформасын дамыту жұмыстарын жеделдетуді міндеттеді — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img