Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық жаңғырту бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойып, жаңа бақылаушы органның құрамын бекітті, — деп хабарлайды jananews.kz.
Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеттері мен өкілеттігі
Мемлекеттік комиссия бағдарлама жобаларының уақтылы әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ бюджеттік тәуекелдер мен қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермеуге бағытталған. Қадағалау жұмыстары мынадай негізгі бағыттарды қамтиды:
— Жобалау мен қаражат бөлуден бастап, нысандарды нақты пайдалануға беруге дейінгі барлық кезең қатаң бақылауға алынады;
— Сатып алу рәсімдерінің мерзімі, құны мен заңдылығы тексеріліп, тәуекел деңгейі жоғары жобалар анықталады және кемшіліктерді жою шаралары әзірленеді;
— Жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша Мемлекет басшысына тоқсандық және жылдық есептер ұсынылады.
Жұмыс органы және комиссия құрамы
Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы ретінде Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы белгіленді. Бекітілген комиссия құрамына уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, журналистер, қоғам қайраткерлері, тәуелсіз сарапшылар, сондай-ақ өңірлер мен бизнес қауымдастықтың өкілдері енді.
Түркістанда Түркі елдері арасында алғашқы шахмат чемпионаты өтуде — jananews.kz

