Елімізде телеметриясы бар энергияны автоматтандырылған тәртіпте есепке алу жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Бұл туралы Құрылтайда өткен баспасөз мәслихатында депутат Арман Қалықов мәлімдеді, — деп хабарлайды jananews.kz.
Телеметриялық есепке алу жүйесі не үшін қажет?
Депутаттың айтуынша, жаңа цифрлық жүйені енгізу еліміздегі энергия тұтыну көлемі туралы шынайы деректерді жинауға және энергия өндіру процесін барынша тиімді реттеуге мүмкіндік береді.
«Инфрақұрылымды телеметриясы бар автоматтандырылған есепке алу жүйесімен толық жабдықтау жоспарланған. Бұл бізге нақты бір қаланың, шағын ауданның, ғимараттың немесе тіпті жеке пәтердің қанша энергия тұтынып жатқанын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, біз нақты көрсеткішпен жұмыс істеп, мәселелерді соған сәйкес реттей алатын боламыз», — деді Арман Қалықов.
Әділ төлем және энергия өндірісін теңестіру
Жүйенің енгізілуі тұтынушылар мен энергия өндірушілер арасындағы қатынасты ашық әрі әділ етуге бағытталған. Негізгі мақсат — өндірілетін энергия көлемін нақты сұранысқа бейімдеу. Тұтынушылар артық шығынсыз, тек өздері іс жүзінде пайдаланған энергия көлемі үшін ғана ақы төлеуі тиіс. Өндірілетін энергия мөлшері қоғамның тұтынуға қажетті нақты көлеміне дәлме-дәл сәйкес келуі керек. Сондай-ақ соңғы уақытта бюджеттік мекемелер мен секторда энергия тұтыну көрсеткішінің айтарлықтай артқанына назар аударылды.

