Шығыстағы серпіліс: Алтай ауданында инновациялық сүт-тауар фермасы іске қосылды

Инновациялық сүт-тауар фермасының ашылуы – Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіп саласындағы айтулы оқиғаға айналды. Алтай ауданында орналасқан «Шығыс-Агро Холдингке» қарасты «Мойылды-Байқонұр» жаңа кешені ресми түрде жұмысын бастады. Бұл ауқымды жоба тек өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға қосылған сүбелі үлес болмақ.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа нысанның өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызына тоқталды. Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын атап өтті. «Бүгінгі ашылып отырған кешен – мемлекеттік қолдау мен бизнес бастаманың жемісті ынтымақтастығының жарқын үлгісі. Біз үшін басты мақсат – импортқа тәуелділікті азайтып, халықты табиғи, сапалы әрі қолжетімді өніммен қамту. Мұндай жобалар ауылдың әлеуетін көтеріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға тікелей септігін тигізеді», — деді облыс әкімі.

Жаңа нысанның өндірістік қуаты мен мал басының сапасы бірден назар аударады. Шаруашылық 1075 басқа лайықталған және мұнда әлемге әйгілі Голштейн-фриз тұқымдас сиырлары өсіріледі. Ерекше атап өтерлігі, бұл асыл тұқымды мал шетелден дайын күйінде тасымалданған жоқ, олар отандық мамандардың тікелей қатысуымен жергілікті жерде ұрықтандырылып, шығыстың табиғатына бейімделген. Бұл – қазақстандық селекция саласының жаңа белеске көтерілгенін және импортқа тәуелділікті азайту бағытындағы нақты қадамды көрсетеді. Жоспарға сәйкес, инновациялық сүт-тауар фермасы толық қуатына енгенде жылына 7600 тонна жоғары сапалы сүт өндіруді көздеп отыр.

Ферманың тағы бір артықшылығы – оның еуропалық стандарттарға сай техникалық жабдықталуында. Кешенде Қазақстан аумағында өте сирек кездесетін бірегей KUHN SPW Intense техникасы қолданылады. Бұл заманауи жабдық қол еңбегін барынша азайтып қана қоймай, мал азығының құнарлылығын сақтай отырып, жемшөп дайындау процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Осындай озық технологиялардың енгізілуі өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Ауыл шаруашылығындағы бұл жаңалықтың әлеуметтік маңызы да зор.

Шараға арнайы қатысқан Қазақстан фермерлер қауымдастығының басшысы, Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев ауылдық жерде мұндай ірі нысандардың бой көтеруі – жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатының артуы екенін атап өтті. Халық қалаулысының пікірінше, әрбір шаруаның мұң-мұқтажын естіп, оны мемлекеттік деңгейде шешу және отандық өнімді қолдау – басты парыз. Мемлекеттік қолдау мен жеке кәсіпкерлік іскерліктің үйлесімін тапқан «Мойылты-Байқоңыр» жобасы алдағы уақытта нарықты таза, табиғи сүт өнімдерімен қамтамасыз етуде көшбасшылардың біріне айналмақ.

Естеріңізде болса, бұған дейін Ержан Нұрбаев Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланғанын жазған едік.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img