Елбасы Токио губернаторы Юрико Коикэні қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға келген Токио губернаторы Юрико Коикэні қабылдады. Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл сапар Қазақстан мен Жапония арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр.

«Ақылды қала» тұжырымдамасы және тәжірибе алмасу

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Юрико Коикэнің жетекшілігімен Токио қаласы әлемдегі ең қауіпсіз, таза және тиімді басқарылатын мегаполистердің біріне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ қос тарап мегаполистерді дамытудың заманауи бағыттарын талқылады, — деп мәлімдеді Ақорда баспасөз қызметі.

 Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға жасаған ресми сапарында Токионың «Ақылды қала» бағдарламасымен танысқанын және бұл жобаның үлкен қызығушылық тудырғанын жеткізді. Қазақстанда да Smart City тұжырымдамасы белсенді ілгерілеп жатқандықтан, еліміз жапондық әріптестердің мегаполисті басқару тәжірибесін қолдануға мүдделі. Президент пен губернатор цифрлық технология, инновация, халықаралық қаржы және білім беру салаларында серіктестікті нығайту мүмкіндіктерін қарастырды.

Реформаларға берілген жоғары баға

Токио губернаторы Юрико Коикэ көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, Қазақстанда жүріп жатқан ауқымды өзгерістерге тоқталды:

«Сіздің көшбасшылығыңызды, сондай-ақ экономикалық өсім, жасанды интеллект, цифрландыру және инвестиция тарту бағыттарын дамытуды көздейтін іргелі реформаларыңызды жоғары бағалаймын. Қазақстан өңірдегі экономикасы ірі, ресурсы мол ел ретінде Еуропа мен Азияны жалғайтын Орталық Азиядағы басты хаб рөлін нығайтып келеді».

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Юрико Коикэні І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет қайраткерлеріне тұрғын үй сыйлады — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img