Әлемдік футбол нарығында тағы бір ірі дүмпу күтілуде: Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед ибн Салман әйгілі испандық «Барселона» клубын сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы El Chiringuito TV тілшісі Франсуа Галлардо өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.
Инсайдердің ақпараты бойынша, тақ мұрагері қаржылық қиындықтарды бастан кешіріп жатқан каталониялық гранд үшін рекордтық сома — 10 миллиард еуро ұсынуға дайын. Егер бұл ақпарат расталса, бұл спорт тарихындағы ең қымбат келісім болмақ.
Бұл ұсыныс клуб үшін нағыз құтқарушы шешім болуы мүмкін екені даусыз. Соңғы деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта «Барселонаның» жалпы қарызы 2,5 миллиард еуродан асып жығылады. Клуб соңғы жылдары қаржылық тетіктерін («рычагтарды») іске қосып, активтерін сату арқылы күн көріп келе жатқаны жасырын емес. Ал беделді Forbes басылымы испан клубын шамамен 5,6 миллиард долларға бағалап, оны әлемдегі ең қымбат бес футбол командасының қатарына қосқан еді. Мұхаммед ибн Салманның ұсынысы нарықтық бағадан екі есеге жуық артық. Бұл қаражат клубтың барлық қарызын бір сәтте жауып, «Камп Ноу» стадионын жаңғыртуға және трансфер нарығындағы бәсекелестікке қайта оралуға толық мүмкіндік берер еді.
https://x.com/F_GallardoTV?ref_src=twsrc%5Etfw%7Ctwcamp%5Etweetembed%7Ctwterm%5E1999907242108395860%7Ctwgr%5E261eb8054b94fb07c434313b21ba126cb6f16a83%7Ctwcon%5Es1_&ref_url=https%3A%2F%2Fkaz.inform.kz%2Fnews%2Fsaud-arabiyasinin-tak-murager-barselonani-satip-alui-mumkn-62a6d1%2F
Алайда, бұл фантастикалық келісімнің жүзеге асуына бір үлкен заңдық және тарихи кедергі бар. «Барселона» — «Манчестер Сити» немесе «ПСЖ» сияқты жеке шейхтардың немесе компаниялардың иелігіндегі клуб емес. Ол жүздеген мың клуб мүшелерінің (socios) ортақ меншігі саналады. Клубтың жарғысына сәйкес, ондағы басқару жүйесі, президент сайлауы және меншік нысанына қатысты кез келген өзгеріс тек осы мүшелердің дауыс беруі арқылы шешіледі. Сондықтан, Сауд Арабиясы тарапынан қаншалықты қомақты қаржы ұсынылса да, клубты жекешелендіру немесе сату туралы түпкілікті шешімді жанкүйерлер қабылдауы тиіс. Көптеген сарапшылар дәл осы демократиялық басқару моделі тарихи саудаға тосқауыл қоюы мүмкін деп болжап отыр.
Дегенмен, Сауд Арабиясының спорт саласындағы экспансиясын ескерсек, олардың табандылығын жоққа шығаруға болмайды. Соңғы жылдары Корольдік «Ньюкасл Юнайтед» клубын сатып алып, Криштиану Роналду, Неймар, Карим Бензема сияқты жұлдыздарды өз лигасына шақырғаны белгілі. «Vision 2030» бағдарламасы аясында олар әлемдік спорттың орталығына айналуды көздеп отыр және «Барселона» сияқты брендті иемдену осы стратегияның шыңы болуы мүмкін. Қазіргі уақытта жанкүйерлер мен сарапшылар клуб президенті Жоан Лапортаның және «сосьолардың» бұл ұсынысқа қалай жауап қататынын асыға күтуде.
Бұғай дейін, отандасымыз Дастан Сәтбаев – әлемнің үздік жас таланттары қатарына қосылғанын жазған едік.


