Алматы тауларына саяхаттайтын туристердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында жаңа Almaty Hike онлайн-сервисі іске қосылды.
Бұл платформа азаматтарға тауға шығар алдында өз сапары туралы алдын ала хабарлауға мүмкіндік береді, — деп хабарлайды jananews.kz.
«Almaty Hike» сервисі қалай жұмыс істейді?
Аталмыш жобаны Алматы қаласының Табиғат қорғау прокуратурасы, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, әл-Фараби атындағы ҚазҰҰ, Төтенше жағдайлар департаменті және қала әкімдігі бірлесіп әзірлеген.
Сайтқа кіріп, электронды нысанды толтыру қажет немесе таулы аймақтар мен ұлттық парктерге қатынайтын автобустар мен аялдамаларда орналастырылған QR-кодты сканерлеу арқылы лезде тіркелуге болады. Пайдаланушы өз байланыс деректері мен тауға шығатын бағыты туралы ақпаратты қалдырады. Саяхат аяқталғаннан кейін сайтқа қайта кіріп, таудан аман-есен оралғанын белгілеу маңызды.
Жобаның басты мақсаты мен артықшылықтары
Мамандардың айтуынша, тауға шығар алдында алдын ала тіркелу туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады. Төтенше жағдай туындаған немесе турист адасып кеткен жағдайда, құтқару қызметтері оның бағыты мен жүрген жерін жылдам анықтап, іздестіру жұмыстарын жеделдетеді. Сервис туристерге ауа райы жағдайлары мен қауіпсіздік ережелері туралы қажетті мәліметтерді уақтылы жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Түркия медиа саласындағы әріптестікті нығайтады — jananews.kz

