Соңғы деректерге сүйенсек Қорғас және басқа да шекара аймақтарында ұзын-сонар кезек тізілген. Оған себеп жүк көліктерінің көбеюі ме, әлде жүйенің толыққанды дұрыс жұмыс істемеуі ме?
Осы жағдайды шешуде жұмыстар жүргізілуде, алайда тауар мен жүк көліктерінің көбеюі мәселені ушықтырып отыр. Логистика саласындағы басты нысана импорт пен экспорт. Халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлігі мен тұрмыстық заттар басқа елдерден де алынады. Логистика мәселелеріне отандық өнім тапшылығы да әсер етті. Логистика сауда жүйесінің негізгі тірегі саналатын сала, онсыз жаһандық сауда мен халықаралық байланысты дамыту мүмкін емес. 2026 жылғы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына байланысты Логистика саласын дамыту көзделіп отыр. Бұл мәселенің шешімінде қандай жүйе қолданылады? Елдегі мәселені отандық жүйелер шеше ала ма?
Қазақстанда заманауи логистика саласы дербес сектор ретінде негізінен 2000-шы жылдардың ортасынан және жүйелі түрде 2010 жылдан бастап белсенді дамыды. Оған дейін бұл сала дәстүрлі жүк тасымалы мен көлік қатынасы ретінде ғана қарастырылса, нарықтық қатынастардың тереңдеуі мен жаһандану үдерісі логистиканы экономиканың жеке маңызды күретамырына айналдырды.
Халықаралық логистика саласының дамуы елдер арасындағы сауда байланысын нығайтып, жүк тасымалын жеңілдетуге жол ашады. Бұл бағытта көлік және тасымал қызметтерін бір жүйеге біріктіру маңызды рөл атқарады. Логистика саласындағы басты мақсат – тауарды өндірушіден тұтынушыға дейін уақытында әрі аз шығынмен жеткізу. Ол үшін тасымалдау, қоймада сақтау, жүк өңдеу және жеткізу жұмыстары өзара үйлесімді жүргізілуі қажет. Сондай-ақ осы саладағы компаниялардың бірлесіп жұмыс істеуі қызмет сапасын арттырып, артық шығынды азайтуға көмектеседі.
Қазақстанда 2030 жылға дейін 21 жаңа логистикалық орталық салу жоспарланып отыр. Қазір елімізде 46 орталық жұмыс істейді. Сондай-ақ шетелде 3 терминал іске қосылған, тағы жетеуінің құрылысы мен іске асыру жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді. Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттер аясында халықаралық жүк маршруттарын кеңейту және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру жұмыстары жалғасуда. Көлік инфрақұрылымын дамыту үшін автомобиль жолдары мен өткізу пункттері де жаңғыртылады.
Логистика саласының тағы бір маңызды бағыты – халықаралық серіктестікті дамыту. Әртүрлі елдердің көлік компаниялары мен ұйымдары өзара байланыс орнату арқылы жүк жеткізу жолдарын кеңейтіп, сауда көлемін арттыра алады. Ал ортақ жұмыс жүйесі тауардың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етіп, кәсіпорындардың бәсекеге қабілетін күшейтеді. Бұл саланы дамыту саудаға ғана емес, жалпы экономиканың өсуіне де ықпал етеді. Жаңа технологияларды енгізу, көлік жүйесін жетілдіру және халықаралық байланысты нығайту алдағы уақытта бұл саланың тиімділігін арттыра түспек.
Автор: Аружан Султанбек
(Суретте ЖИ қолданылған)
Алматыда қытайлық серіктестердің қатысуымен хирургиялық орталық ашылды — jananews.kz

