Астанада қоғамдық көлік жолақысы 150 теңгеге дейін қымбаттайды

Астана қаласындағы қоғамдық көліктерде жол жүру құны өзгеретін болды.

Елорда әкімдігінің мәлімдеуінше, 1 желтоқсаннан бастап қолма-қол ақшасыз төлем жасаған кезде жолақы 150 теңге мөлшерінде белгіленеді, деп хабарлайды jananews.kz.

Қымбаттаудың негізгі себептері

Әкімдік бұл шешімнің қажеттілігін соңғы жылдары туындаған экономикалық шығындардың айтарлықтай өсуімен түсіндірді. Елордада автобус жолақысы соңғы рет 2014 жылы 90 теңгеден 110 теңгеге көтерілген болатын. Арада өткен 12 жыл ішінде негізгі шығындар бірнеше есе өсті. 2014 жылы дизель отынының бір литрі шамамен 107 теңге тұрса, қазіргі уақытта оның бағасы 329 теңгені құрайды (3 еседен астам өскен).

2014 жылы жүргізушілердің орташа айлығы 100-150 мың теңге шамасында болса, қазір автобус класы мен жұмыс режиміне байланысты 700 мың теңгеден басталады. Бұдан бөлек, қосалқы бөлшектердің, шиналар мен аккумуляторлардың, техникалық қызмет көрсету жұмыстарының және жаңа жылжымалы құрамдарды сатып алу құны едәуір артқан. Шығындардың өскеніне қарамастан, соңғы 3 жылда қауіпсіздік пен жайлылық талаптарына сай келетін 1127 жаңа автобус сатып алынған.

Кімдер үшін жол жүру тегін болып қалады?

Қала әкімдігі әлеуметтік тұрғыдан осал топтар мен жеңілдік алатын азаматтар үшін тегін жол жүру құқығы сақталатынын мәлімдеді. Олардың қатарына мыналар кіреді:

— Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген тұлғалар;

— Зейнеткерлер (жасы бойынша және еңбек сіңірген жылдары бойынша, сондай-ақ әлеуметтік жәрдемақы алушылар);

— Көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар;

— Мүгедектігі бар адамдар және 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің) бірі;

— 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына қатысушылар арасынан саяси қуғын-сүргін құрбандары.

Сонымен қатар, 2020 жылғы наурыздан бастап Астанада білім алатын 18 жасқа дейінгі балалар үшін де жол жүру тегін болып қала береді.

Дәрігердің кінәсінен зардап шеккен науқастарға өтемақыны кім төлейді? — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img