Елордадағы «AI & Digital Bridge – 2026» халықаралық форумы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaq AI Research University оқу орнын салтанатты түрде ашты.
Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы жасанды интеллект бағытындағы заманауи университет, деп хабарлайды jananews.kz.
Президент үндеуі және білім беру саласының жаңа бағыты
Ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы заманауи технологиялардың өзі ғана табысқа кепіл бола алмайтынын, басты күш білікті маман даярлауға бағытталуы тиіс екенін атап өтті:
«Біз білімді, білікті, жасампаз мамандар даярлайтын ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастыруымыз керек. Жасанды интеллект адамның интеллектуалдық қабілетін алмастыратын құрал емес, оқу және білім алу үдерісіне көмекші тәсіл болғаны жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Университеттің жетістіктері мен көрсеткіштері
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа оқу орнының құрылу кезеңдері мен алғашқы нәтижелерін баяндады. Университет 2025 жылғы 1 қазандағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің тапсырмасымен құрылып, 29 сәуірде мемлекеттік лицензия алды. Ал 15 мамырда оған AI+X моделі бойынша кадрлар даярлайтын эксперименттік алаң мәртебесі берілді. Биыл 1 қыркүйектен бастап алғашқы студенттер қабылданып, қазіргі таңда 528 студент білім алуда, оның 294-і мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқиды. Профессор-оқытушылар құрамы толық жасақталған.
Технологиялық мүмкіндіктер мен серіктестік
Университет жасанды интеллектіні нақты салалармен ұштастыратын AI+X қағидатына негізделген. Оқу орнында NVIDIA H200 негізіндегі жеке AI-инфрақұрылымы мен бірыңғай QAIRU OS цифрлық платформасы жұмыс істейді. 2027 жылдан бастап Shanghai Jiao Tong және Tsinghua университеттерімен қос дипломды бағдарламаларды іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар Google, Huawei, Samsung және NVIDIA сияқты әлемдік алып компаниялармен тығыз ынтымақтастық орнатылған.
Норвегия «ақылды көзілдіріктерді» қоғамдық орындарда қолдануға тыйым салмақ — jananews.kz

