Жапонияның Нагоя қаласында XX жазғы Азия ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті.
19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өткен дүбірлі дода өз мәресіне жетті, деп хабарлайды jananews.kz.
Нагоядағы салтанатты кеш және эстафетаны тапсыру
Жабылу салтанаты мәдениет пен спортты үйлестірген әсерлі шоуға ұласты. Стадион төрінде өнерпаздар Азия елдерінің бірлігі мен сан алуан мәдениетін паш етіп, 16 күнге созысқан тартысты жарыстың қорытындысын шығарды. Кештің ең маңызды сәттерінің бірі – Азия ойындарының эстафетасын қабылдау рәсімі болды. Азия Олимпиадалық кеңесінің туы Қатар өкілдеріне ресми түрде табысталды.
Келесі Азия ойындары 2030 жылы Доха қаласында өтетін болып белгіленді. Доха бұл құрлықтық доданы бұған дейін 2006 жылы қабылдаған болатын. Арада 24 жыл өткен соң ең ірі жарыс қайтадан Қатарда ұйымдастырылмақ. Салтанат соңында Paloma Mizuho Stadium стадионында Азия ойындарының алауы ресми түрде сөндірілді. Биылғы жарыс бағдарламасына 43 спорт түрі мен 71 дисциплина енгізіліп, барлығы 469 медаль жиынтығы сарапқа салынған еді.
Қазақстан құрамасының жетістігі
ХХ жазғы Азия ойындарында ұлттық құрамамыз жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынын 84 медальмен толықтырды. Қазақстандық спортшылар 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль иегері атанды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы сегізінші орынға тұрақтады (Ханчжоуда өткен алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда үш сатыға жоғары көтеріліп, жалпы медаль санын төртке арттырды).

