ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды профилактикалық медициналық қарап-тексеруден өткізудің жаңа қағидаларын бекітті.
Денсаулық сақтау министрі қол қойған бұйрық 2026 жылғы 30 тамыздан бастап күшіне енеді. Жаңа ережелер 1 айдан 18 жасқа дейінгі балаларды қамтиды. Тексеруді алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) мамандары тікелей білім беру ұйымдарында өткізеді, ал оның барлық нәтижелері мен «пациенттің цифрлық маршруты» ата-аналарға медициналық цифрлық жүйелер мен мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді болады.
Медициналық тексерудің түрлері мен жас ерекшеліктері
Профилактикалық қарап-тексеру кезінде балалардың жасына қарай кешенді диагностикалық шаралар жүргізіледі. Бой мен салмақты өлшеу, 5 жасқа дейін бас шеңберін бақылау, 5 жастан бастап Кетле индексін есептеу, ал 6 жастан бастап қан қысымын өлшеу. Плантография, пульсоксиметрия және ЭКГ (10, 14, 15, 16 жаста). Жалпы қан мен зәр талдауы 1 жаста, 2 жас 6 айда, сондай-ақ 5, 10, 14 және 16 жаста алынады. 2 жастан 17 жасқа дейін стоматологқа жолдама беріледі. 6 жасқа дейінгі балаларды хирург, невролог, оториноларинголог, офтальмолог және стоматолог қарайды.
10 жастан бастап балалардың жыныстық дамуы бағаланса, қыздар 12, 14 және 16 жасында репродуктивтік денсаулық тексерісінен өтіп, қажет болса акушер-гинекологқа бағытталады. 15 жастан бастап ұл балалардың медициналық қорытындылары мен ұсынымдары әскери комиссариаттардың цифрлық жүйелерімен автоматты түрде интеграцияланады.
Жаңа қағидаларға балаларға қатыгездік көрсету фактілерін ерте анықтау міндеті енгізілді. Дәрігерлер тәннің көгеруіне, байлау немесе күйдіру іздеріне, сондай-ақ балаға қажетті күтімнің, тамақтанудың және қауіпсіздіктің жоқтығына баса назар аударады. Зорлық-зомбылық белгілері анықталған жағдайда, МСАК ұйымы дәл сол күні ішкі істер органдары мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жергілікті атқарушы органдарға ресми хабар береді.
Денсаулық жағдайының 5 тобы
Тексеру қорытындысы бойынша балалар бес санатқа бөлініп, дене шынықтыру жүктемесі бекітіледі:
1-топ: Дені сау балалар.
2-топ: Функционалдық ауытқулары, қауіп факторлары бар және ауруға төзімділігі төмендеген балалар.
3-топ: Компенсация жағдайындағы созылмалы ауруы бар балалар.
4-топ: Субкомпенсация жағдайындағы созылмалы аурулары бар балалар.
5-топ: Декомпенсация сатысындағы дерті бар және функционалдық мүмкіндіктері шектелген балалар.
Бакуде қазақ күресінен XII әлем чемпионаты өтеді — jananews.kz

