Анталия қаласында өтіп жатқан COP31 халықаралық конференциясында Қазақстан климаттың өзгеруімен күрес, жасыл экономикаға инвестиция тарту және экологиялық қауіпсіздік бағытындағы ауқымды жобаларын таныстыруда, — деп хабарлайды jananews.kz.
Ұлттық павильон және жасанды интеллект мүмкіндіктері
Еліміздің ұлттық павильонында қоршаған ортаны қорғауға арналған тың жобалармен қатар заманауи технологиялар да кеңінен көрсетілді. Келушілердің қызығушылығын тудырған ерекше дүниелердің бірі – Амур жолбарысының бейнесіндегі жасанды интеллект негізіндегі виртуалды гид. Үміт пен Амур есімді жолбарыстар келушілердің сауалына өздері таңдаған тілде жауап беріп, Қазақстанның экологиялық жетістіктерімен таныстырады.
Қазақстан экологиялық талаптарды сақтай отырып, өндірістік өсімді қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтумен ұштастыруды көздейді. Осы бағытта еліміз жасыл экономика жобаларына 32 миллиард теңгеден астам инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, павильон аясында екі апта ішінде биоалуандықты сақтау, жасыл қаржыландыру, жаңартылатын энергия көздері және эмиссияларды төмендету бағытында 38-ден астам іс-шара өтіп, 34-ке жуық келісім-шарт жасау жоспарланған.
Климаттың халық денсаулығына әсері
Биылғы конференцияда алғаш рет жаһандық жылынудың халық денсаулығына, әсіресе ана мен бала саулығына әсеріне ерекше назар аударылды. Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық әріптестермен, соның ішінде Гент университетімен бірлесіп жүргізген зерттеу нәтижелерін ұсынды. Зерттеуге сәйкес, жаһандық жылыну мен температураның жоғарылауы мерзімінен бұрын босану және түсік тастау мәселелеріне тікелей әсер ететіні ғылыми тұрғыдан дәлелденіп жатыр.
ДДСҰ-ның еуропалық өңірлік бюросы Қазақстанның бұл бастамасын жоғары бағалап, аптап ыстықтың жүкті әйелдер, балалар мен нәрестелерге әсерін азайту бағытындағы жұмыстарды маңызды деп атады. Қазақстан павильонында экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдері мен қалдықсыз өндіріс идеясын қолдайтын ерекше «Құрақ көрпе» арт-инсталляциясы да көпшіліктің назарын аударды. Қонақтар шүберек қиындыларына өз тілектерін қалдырып, еліміздің тұрақты даму жолындағы бастамаларын қолдайтынын білдірді.

