Астана қаласындағы №33 жайлы мектеп базасында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша XIX Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі басталды, — деп хабарлайды jananews.kz.
Зияткерлік сайыстың ауқымы мен мақсаты
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биылғы беделді бәсекеге еліміздің барлық өңірінен іріктеліп шыққан 188 оқушы қатысуда. 13 қарашаға дейін жалғасатын сайыста 11 (12)-сынып оқушылары төрт пән — математика, физика, химия және биология бағыттары бойынша өз білімдерін сынайды. Биылғы олимпиаданың бірінші (өңірлік) кезеңіне 3 690 оқушы қатысса, екінші іріктеу кезеңіне 406 қатысушы өтіп, соңынан үздік шыққан 188 бала республикалық кезеңге жолдама алды. Сайыстың мақсаты дарынды оқушыларды ерте анықтау және қолдау, олардың зияткерлік әлеуетін дамытып, жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығын арттыру.
Әділдік пен академиялық адалдық
Қатысушылардың жұмыстарын бағалау үшін тәжірибелі мамандардан құралған қазылар алқасы жұмыс істеуде. Оның құрамына халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ еліміздегі және шетелдегі жетекші жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен PhD докторлары кірді. Академиялық адалдық пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында олимпиаданың тікелей эфирі ұйымдастырылуда. Трансляция сілтемелерін daryn.kz ресми сайты арқылы көруге болады.
Айта кетейік, 2008 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Президенттік олимпиаданың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталады.
Роботтар өндірісте: автоматтандырудан кім пайда көреді? — jananews.kz

