Дубайда енді роботтар үй салады

Әлем экономикасы жасанды интеллект (ЖИ) пен озық технологияларға негізделіп жатқан тұста, Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркия бұл бағытта ауқымды жобаларды қолға алуда.

Дубай құрылыс пен қалалық инфрақұрылымды автоматтандыруға бет алса, Түркия өндіріс сапасы мен кадр даярлауды мемлекеттік деңгейде күшейтуде.

Дубай: Роботтар салғалы жатқан виллалар және «EXPO» қалашығы

Бұрынғы халықаралық «EXPO» көрмесі өткен аумақ қазір баламалы қуат көзін тұтынатын, электрлі көліктер мен робот-даяшылар қызмет көрсететін заманауи қалашыққа айналды. Келер жылы осы қалашықта іргесін де, кірпішін де құлтемір (робот) қалайтын алғашқы жеке виллалар пайдалануға беріледі. Мамандар тек сырттай қадағалап, автоматты механизмге бағыт береді. Роботтар арқылы құрылыс мерзімін қысқартып, адам өміріне төнетін қауіпті азайтпақ және өндіріс шығынын төмендетпек. Егер бұл тәжірибе сәтті болса, саладағы басқа компанияларға да міндеттеледі. БАӘ-де жасанды интеллектімен кешенді түрде айналысатын арнайы министрлік пен университет жұмыс істейді, сондай-ақ технологиялық компанияларды қосымша ынталандыру қарастырылған.

Түркия: Өндірістегі жасанды интеллект және 100 мың кәсіби маман

Түркияда жасанды интеллект өндіріс орындарына терең еніп, сапаны бақылау мен болжау жұмыстарын атқаруда. Көлік, тұрмыстық техника және азық-түлік салаларындағы 10-нан астам зауытта роботтар өнімді құрастырып қана қоймай, ақауды анықтап, жабдықтың қашан істен шығатынын алдын ала болжайды (дәлдігі 99%). MEXT орталығының зерттеуінше, ЖИ-ды ерте енгізген компанияларда өнім шығару көлемі 10-20%-ға, еңбек өнімділігі 7-20%-ға артып, энергия тұтыну 15%-ға қысқарған.

Биыл маусым айында бекітілген іс-қимыл жоспарына сәйкес, алдағы екі жылда елдің 81 провинциясында 5 млн адамға ЖИ бойынша білім беріліп, 100 мың кәсіби маман даярлау көзделген. 2030 жылға қарай елдегі деректер орталығының қуатын кемінде 1 гигаватқа жеткізу жоспарланып отыр.

Еліміздегі IT қызметтерінің экспорты 1 миллиард доллардан асты — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img