Вице-президент Ерлан Қарин БҰҰ Бас хатшысының балалар мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Наджат Маалла Мджидпен кездесті.
Тараптар кездесу барысында балалардың құқықтарын қорғау, оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және өскелең ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастықты талқылады, — деп хабарлайды jananews.kz.
Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау бағытындағы реформалар
Кездесу кезінде Ерлан Қарин балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету Мемлекет басшысының стратегиялық бағдарының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Елде бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Кейінгі 3 жылда Қазақстанда балалардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған 11 заң қабылданды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау және ақпараттық-цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жаңадан 2 заң жобасы әзірленді. 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленіп, сәтті іске асырылуда. 2024 жылмен салыстырғанда балаларға қатысты аса ауыр қылмыстар саны 45%-ға, ал оларды заңсыз әрекеттерге мәжбүрлеу қылмыстары 10%-ға азайғаны атап өтілді.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы және халықаралық баға
Ерлан Қарин жиында Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының нәтижелеріне де тоқталды. Бұл ауқымды жоба аясында соңғы 3 жылда 7 миллионнан астам баланың шотына 2,5 миллиард доллардан астам қаражат аударылған.
Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Наджат Маалла Мджид Қазақстанда балаларды қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған реформаларға жоғары баға берді. Айта кетейік, маңызды басқосуға БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Рашед Мұстафа Сарвар да қатысты.
Шәмші Қалдаяқовтың әндері Нью-Йоркте алғаш рет шырқалды — jananews.kz

