Қазақстанда «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында ел тұрғындары мен бизнесті кемінде 100 Мбит/с жылдамдықтағы сапалы байланыспен қамту жұмыстары қарқынды жүруде.
Бұл туралы Үкіметтің Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысы жөніндегі ресми есебінде жарияланды. Жоспарланған 31 іс-шараның 21-і толық орындалды. 2027 жылдың соңына дейін «Қазақтелеком» АҚ-ның 239 млрд теңгелік инвестициялық келісімі негізінде 1,2 млн адам мен 5,8 мың мемлекеттік нысанды қамтитын 3 мыңнан астам ауылға жоғары жылдамдықты желі тартылады.
Ауылдарды цифрландыру және халықаралық қаржыландыру
Бүгінде 12 ауылда талшықты-оптикалық байланыс желісі (ТОБЖ) тартылып, 340 ауылда спутниктік байланыс іске қосылды. Дүниежүзілік банктің қолдауымен 83,9 млрд теңге көлеміндегі 1 123 ауылдағы 2,3 млн адамды қамту үшін үй шаруашылықтарына дейін «соңғы миль» қағидатымен ТОБЖ тарту жұмыстары жүзеге асырылуда.
Еліміздің 20 қаласында 3 618-ден астам 5G базалық станциясы мерзімінен бұрын орнатылды. Тұрғыны 250-ден асатын 3 807 ауыл 4G стандартына көшірілуде (2026 жылдың І жартыжылдығында 566 ауыл көшті). 2025 жылы спутник арқылы 362 ауыл интернетке қосылып, ел бойынша байланыссыз қалған 743 «ақтаңдақ» аумақ жойылды.
Транзиттік дәліздер мен инфрақұрылымдық жобалар
Халықаралық инфрақұрылымды дамыту бөлігінде Әзербайжан – Қазақстан бағыты бойынша (сыйымдылығы 6 Тбит/с дейін) Каспий теңізінің түбімен суасты ТОБЖ төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Freedom Telecom компаниясы «Батыс — Шығыс» гипермагистралінің құрылысын 58%-ға орындады (2 341 шақырым төселді), ал «Қазақтелеком» АҚ Астана қаласында 256 тірекке арналған заманауи Деректерді өңдеу орталығының құрылысын 99%-ға аяқтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мемлекеттің елшілеріне сенім грамоталарын табыстады — jananews.kz

