2026–2027 жаңа оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептерінде Алғашқы әскери дайындық (АӘД) пәні жаңартылған мазмұн мен заманауи оқыту форматы бойынша жүргізіледі.
Астана қаласындағы Қазақ ұлттық спорт университетінде өткен республикалық секциялық жиында пәннің жаңа мазмұны, оқытудың цифрлық әдістері, дрон технологиялары мен педагогтерге қойылатын талаптар таныстырылды.
Пән мазмұны мен педагогтерге қойылатын жаңа талаптар
Жаңартылған бағдарлама «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңнамалық түзетулер негізінде жасақталды. 1-қыркүйектен бастап пәнге ресми түрде «Алғашқы әскери дайындық» атауы қайтарылып, оның практикалық бағыты түбегейлі күшейтілді. Заңнамаға сәйкес, АӘД пәнінің оқытушыларында міндетті түрде әскери қызмет өтілі болуы қарастырылған. Педагогтердің біліктілігін жетілдіру курстары енді тікелей мамандандырылған әскери оқу орындарының базасында практикалық тұрғыда ұйымдастырылады.
Дрондар, жасанды интеллект және тактикалық симуляторлар
АӘД сабақтарын заманауи талаптарға сай өткізу үшін оқу процесіне жаңа технологиялар енгізілуде. Оқушыларға дрондарды басқару, құрастыру және заманауи қорғаныс жүйелерінде қолдану әдістемелері үйретіледі. Сонымен қатар педагогтерге оқу материалдары мен ситуациялық тапсырмаларды әзірлеуде ЖИ құралдарын, тактикалық симуляторлар мен цифрлық білім беру шешімдерін пайдалану тетіктері көрсетілді. Бағдарламада әскери-спорттық жарыстарға, практикалық далалық машықтар мен жастарды қызметке дейінгі кешенді шыңдауға басымдық беріледі.

