«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты: Алматыдағы жиында жастар кітап оқуды қолдаудың тың жолын ұсынды

Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен «Адал қоғам» жобасы аясында Алматы технологиялық университетінде ««Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің кепілі» атты мазмұнды кездесу өтті.

Жиынның басты өзегі — мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы ашық диалогты нығайту, сондай-ақ жастардың бастамалары мен пікірлеріне құлақ асудың нақты тетіктерін талқылау болды. Басқосуға белсенді студенттер қатысып, өзекті мәселелер бойынша ой-пікірлерін ортаға салды.

Кездесу барысында жастар тек сын айтумен шектелмей, қоғамдық ортаны жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстар да білдірді. Атап айтқанда, студенттер қаладағы қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерде арнайы QR-кодтар орналастыру бастамасын көтерді. Жастардың айтуынша, жол үстінде немесе күнделікті күйбең тіршілікте смартфон арқылы бірден кітап немесе пайдалы әдебиет оқуға мүмкіндік беретін мұндай QR-кітапханалар оқырман мәдениетін арттырып, жастардың уақытын тиімді өткізуге ықпал етеді.

Ұйымдастырушылар жастар тарапынан айтылған мұндай прагматикалық әрі заманауи ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын атап өтті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты дәл осындай азаматтық бастамаларды қолдап, оларды іске асыру арқылы нақты мазмұнға ие болады.

Алматыда өткен кездесу студенттік ортаның қоғамдық өмірге бейжай қарамайтынын және заманауи технологиялар арқылы білім мен мәдениетті дамытуға дайын екенін тағы бір мәрте көрсетті.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img