Қазақстандық жоғары оқу орындарының дипломдары енді әлемнің жетекші елдерінде мойындалады.
Бұл туралы Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, — деп хабарлайды jananews.kz.
Халықаралық конвенциялар мен шетелдік университеттердің филиалдары
Президенттің айтуынша, жоғары білім беру жүйесіндегі халықаралық ықпалдастықты дамыту мен ғылыми байланысты тереңдету — бүгінгі заман талабы. Осы орайда Қазақстан өңірде алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды. Бұл қадам отандық дипломдардың Батыс пен Шығыс елдерінде заңды күшке ие болуына жол ашады.
«Жоғары білім беру жүйесіндегі халықаралық ықпалдастықты дамыту, ғылыми байланысты тереңдету — қазіргі заман талабы. Біз бұл мәселеге айрықша мән береміз. Қазақстанда осы саладағы халықаралық стратегиялық серіктестік туралы 40 келісім іске асырылып жатыр», — деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде елімізде шетелдік білім ордаларымен әріптестік аясында нақты нәтижелерге қол жеткізді. 11 мемлекеттің жетекші университеттері Қазақстанда өз филиалдарын ашты, сондай-ақ осы оқу орындарында 12 мыңнан астам студент білім алуда. Оларға 1,5 мыңға жуық оқытушы дәріс береді, оның ішінде 600-ден астам шетелдік профессор бар.
Шетелдік студенттер саны рекордтық деңгейге жетті
Мемлекет басшысы Қазақстанда білім алғысы келетін шетелдік жастардың қатары қарқынды өсіп жатқанын атап өтті. Егер былтыр елімізде өзге мемлекеттерден келген 31 мың студент оқыса, биыл олардың саны 41 мыңға жеткен. Оның ішінде 8 мыңнан астам шетелдік жас Қазақстанның мемлекеттік қаржылай қолдауымен білім алуда. Президент мұны Тәуелсіздік жылдары ішіндегі ең жоғары тарихи көрсеткіш ретінде бағалады.
Қазақстанның қолдауымен Женевада 2026 жылғы шахматтан әлем чемпионаты ашылды — jananews.kz

