Алматы маңындағы Қарағайлы қорымынан бірегей алтын жәдігер табылды

Алматы шаһарының іргесіндегі Қарағайлы қорымында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде сақ дәуіріне тиесілі аса құнды алтын бұйым табылды.

Бұрын-соңды еш жерде кездеспеген аю пішінді бірегей әшекей қазақ тарихы үшін маңызды жаңалық болып отыр, — деп хабарлайды jananews.kz.

«Алтын аю» мүсіншесі және оның ерекшелігі

Қазба жұмыстарын Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қызметкерлері жүргізді. Саф алтыннан құйылған аю пішінді әшекейдің салмағы – 8 грамм. Археолог Марат Нұрпейісовтің айтуынша, бұл бұйымды киімге сәндік ретінде қадаған, мұны ондағы арнайы тесіктер де дәлелдейді.

Скиф-сақ мәдениетінде аң стилі, әсіресе аю культі кездескенімен, салмағы 8 грамм таза алтыннан құйылған мүсінше тұңғыш рет табылды. Мұндай сирек олжа соңғы рет 2014 жылы Алатау ауданындағы Көкқайнар ықшам ауданынан (барыс пен қыран құс бейнелері) табылған еді.

Қорғанның жұмбағы: Бір жерге жерленген көп адам

Қарағайлы қорымы б.з.д. IV–III ғасырларға жатады. Қорым талай рет тоналғанына қарамастан, өз сырын сақтап қалған. Дегенмен, ғалымдарды таңғалдырған басты жайт – обадан жеті адамның сүйегінің шығуы. Оның төртеуі ересектерге, үшеуі балаларға тиесілі болуы мүмкін.

«Әдетте мұндай қорғандарға бір-екі адам ғана жерленетін. Бұл кісілер ауруға душар болды ма, әлде жау қолынан ажал құшты ма – оны алдағы антропологиялық зерттеулер анықтайды», – деді археолог Марат Нұрпейісов.

Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықованың айтуынша, қала аумағындағы есепке алынбаған және апатты жағдайдағы ескерткіштерді зерттеу жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Қарағайлы қорымынан табылған барлық артефактілер ғылыми айналымға еніп, алдағы уақытта «Алтын аю» мүсіншесі музей төрінен орын алады.

Есік жазуы мен Мәшһүр Жүсіп жинағы ЮНЕСКО тізіліміне енді — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img