Бүгін Тәуелсіздік сарайында «Кения мен Қазақстан» арасында келіссөздер жүргізілді

Рәсімнен кейін мемлекеттер басшылары алдымен шағын құрамда, содан кейін кеңейтілген құрамда мазмұнды келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Кенияның Африка құрлығындағы ең ірі әрі сенімді сауда серіктесінің бірі екенін атап өтті.

Мемлекет басшыларының келіссөздері мен мәлімдемелері

«Кения — Африкадағы өте маңызды серіктесіміз. Сіздің еліңіз құрлықта саяси және экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келеді. Көптеген бағытта ықпалдастығымызды кеңейтудің тың мүмкіндіктері бар. Біз бұған қуаныштымыз. Бүгін екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық перспективасын талқылаймыз. Найроби Африкадағы халықаралық орталық ретінде танылғаны мәлім. Осыған байланысты Қазақстан Найробиде елшілік ашу туралы шешім қабылдаған болатын», – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру үшін Қазақстан-Кения Іскерлік кеңесін құруды ұсынды. Сондай-ақ, Қазақстан тарапы Африка нарығына ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде бидай жеткізу үшін Момбаса портын пайдалану мәселесін қарастырғанын мәлімдеді. Оған қоса, Мемлекет басшысы екі ел арасындағы тауар айналымына тоқталып, бүгінде Қазақстан нарығында Кенияның бірқатар тауарлары, соның ішінде шәй және кофе өнімдері бар екенін айтып, бұны тұрақты сауда қатынасының айқын көрінісі деп атады.

Өз кезегінде Кения Президенті Уильям Руто Қазақстанды Еуразия аймағына шығатын негізгі стратегиялық қақпа және маңызды логистикалық хаб ретінде қарастыратынын жеткізді.

«Қазірдің өзінде елдеріміз арасындағы тауар айналымында өсім байқалады. Біз Қазақстан арқылы негізгі ауылшаруашылық өнімдерімізді Еуразия нарығына экспорттауға ниет танытып отырмыз. Президент мырза, Найроби қаласында тұрақты елші тағайындау туралы шешіміңіз Сіздің және Үкіметіңіздің байланыстарды ілгерілетуге маңыз беріп отырғандарыңызды байқатады. Менің сапарым – елдеріміздің ынтымақтастығын нығайтуды көздейтін нақты қадам. Сапар аясында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге қажетті құқықтық негіз қалап, тың мүмкіндіктерге жол ашатын бірқатар құжатқа қол қоямыз», – деді Кения Президенті.

Уильям Руто Кения тарапы Қазақстанның Шығыс және Орталық Африка елдерімен байланысына дәнекер болуға дайын екенін айтып, Момбаса және Ламу порттарын өңірлік нарыққа шығу үшін негізгі логистикалық хаб ретінде қарастыруды ұсынды.

Мемлекеттік марапат және қол қойылған құжаттар

Келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Кения Президентінің екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтіп, оған І дәрежелі «Достық» орденін салтанатты түрде тапсырды. Уильям Руто бұл жоғары марапат үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, бұл елдеріміздің достық рухындағы серіктестігін одан әрі нығайтуға жол ашатынын білдірді.

Екіжақты кездесулердің қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ ресми делегация мүшелері екі ел арасындағы құқықтық негізді бекемдейтін келесі маңызды құжаттармен алмасты:

  1. АКТ және электрондық үкімет саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

  2. Көлік және жол саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

  3. Туризм және жабайы табиғат саласындағы ынтымақтастық меморандумы;

  4. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Кенияның Мемлекеттік тау-кен корпорациясы (NAMICO) арасындағы келісім;

  5. Ғарыш жүйелерін дамыту және жерді қашықтықтан зондтау саласындағы өзара түсіністік меморандумы;

  6. «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Найроби халықаралық қаржы орталығы арасындағы меморандум.

Сонымен қатар, сапар аясында Мемлекеттік басқару академиясы, «Қазақстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы», «Kazakh Invest» және «QazTrade» орталығы желісі бойынша да бірнеше екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Кения президенті Қазақстанға іс-сапармен келді — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img