Қазақстан мұнай өңдеу көлемін 39 млн тоннаға жеткізеді

Қазақстанның энергетика саласында ауқымды өзгерістер күтілуде: еліміз мұнай өңдеу көлемін қазіргі деңгейден екі еседен астамға арттырып, жылына 39 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бұл межеге жету үшін саланы 2040 жылға дейін дамытудың нақты өндірістік бағдары бекітілген және ол жұмыс қуаттылығын арттыру мен ғылыми технологияларды енгізуге негізделеді.

Саладағы ең ірі оқиғалардың бірі ретінде министр Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасының толық аяқталуын атап өтті. Үшінші буын зауытының іске қосылуы мұнай өндіру деңгейін жылына қосымша 12 миллион тоннаға арттырып, ұлттық экономика үшін экспорттық валюта түсімінің тұрақты көзін қамтамасыз етпек. Сонымен қатар, ішкі нарықтағы жанар-жағармай тапшылығын жою үшін Үкімет батыл қадамдарға барды. Президенттің либерализациялау жөніндегі Жарлығы аясында бағаны әкімшілік жолмен белгілеуден бас тартылып, нарықтық механизмдерге көшу процесі басталды. Бұл шаралар саланы сауықтыруға және ішкі нарықты отынмен тұрақты қамтамасыз етуге жол ашты.

Стратегиялық жоспардың негізгі бөлігі еліміздегі мұнай өңдеу көлемін еселеп арттыруды көздейді. Министрдің дерегінше, қазіргі уақытта үш ірі зауытты кеңейту жұмыстары жоспарлы түрде жүріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, Шымкент зауытын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға, Атырау мұнай өңдеу зауытын 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға және Павлодар мұнай-химия зауытын 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Мұнымен қоса, қуаттылығы жылына 10 млн тонна болатын мүлде жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасы да күн тәртібінде тұр және оған қазірдің өзінде әлеуетті инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде.

Бұл бағыттағы алғашқы нақты нәтижелер де жоқ емес. Биыл CaspiBitum зауытын жаңғырту жобасы сәтті аяқталып, кәсіпорынның өндірістік қуаты бір жарым есеге артты. Нәтижесінде зауыт жылына 1,5 млн тонна шикізат қабылдап, битум өндірісін 500 мыңнан 750 мың тоннаға дейін жеткізді. Бұл еліміздің жол құрылысы саласын сапалы отандық битуммен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Болашақта жалпы мұнай өңдеу көлемімен қатар оның экологиялық сапасына да баса назар аударылмақ. Көміртегі бейтараптығы стратегиясы аясында Қазақстан мұнай өнімдерінің К5+ жоғары экологиялық стандартына көшуін бекітті. Кешенді техникалық жаңғырту арқылы мұнайды өңдеу тереңдігін 94 пайызға дейін жеткізетін озық технологиялар енгізіледі. Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, мұнай өңдеу мен мұнай-химия салаларын өзара ықпалдастыру арқылы қосылған құны жоғары өнімдер шығару және өндіріс теңгерімін жаңа деңгейге көтеру көзделген. Брифинг соңында министр Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуыл салдарынан келген шығындардың есептеліп жатқанын да еске салды.

Естеріңізде болса, бұған дейін «Шымбұлақ» ТМД-ның ең үздік тау-шаңғы курорты атанғанын жазған едік.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img