Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында халықаралық интернет-дүкендерден жасалатын онлайн тапсырыстарды кедендік реттеудің жаңа қағидалары бекітілді.
Мемлекеттік кірістер комитеті Әдістеме департаменті Кеден әдістемесі басқармасының бас сарапшысы Мархабат Омарова ведомствоның онлайн баспасөз мәслихатында жаңа талаптардың отандық тұтынушыларға қалай әсер ететінін түсіндірді. Бұл өзгерістер сырттан келетін тауарлар ағынын заңды түрде қадағалау, қауіпсіздікті күшейту және электронды коммерция нарығын жүйелі реттеу мақсатында енгізілуде.
21 пайыздық алымды кімдер және қалай төлейді?
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, халықаралық онлайн платформалардан алғызатын бір сәлемдемесінің (посылкасының) құны 200 еуродан асатын сатып алушылардың барлығы жаңаша есептелген бірыңғай кедендік алымды төлеуге міндеттеледі. 200 еуродан асатын тауарлар үшін алым мөлшерлемесі бүкіл тауар құнының 21 %-ын құрайды. Бұл көрсеткіш келесі екі міндетті төлемнің жиынтығынан құралады:
-
Кедендік баж салығы: Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімімен бекітілген тауардың жалпы құнының 5 %-ы (Қазақстан тарапы келіссөздер барысында бұл мөлшерлеменің 20-30 %-ға дейін өсіп кетпеуін қорғап қалған);
-
Қосылған құн салығы (ҚҚС): Заңнама аясында қолданылатын міндетті салық үлесі.
«Бұрын құны 200 еуродан артық тапсырыстың шектен артылған сомасынан ғана 15 пайыз көлемінде баж төлеп жүрсек, қазір тауарды бүкіл құнының 5 пайызына баж төлейміз. Осыған қосылған құн салығын қосқанда, онлайн тапсырыс арқылы алғызатын сәлемдеменің құны 200 еуродан асып кетсе, бүкіл құнының 21 пайызы көлемінде алым төлейсіз», – деп түсіндірді Мархабат Омарова.
Қарапайым тұтынушылар үшін өзгерістер қандай?
Комитет сарапшысы бұл жаңа талаптардың қазіргі таңда 200 еуроға дейінгі сомаға (қазіргі бағаммен шамамен 115 мың теңге) тапсырыс беретін қатардағы қазақстандықтарға ешқандай қосымша қаржылық салмақ салмайтынын жеткізді. Қазіргі уақытта Қазақстанға сырттан келетін сәлемдемелердің 90 %-дан астамы осы 200 еуролық бажсыз шектен аспайды.
Дегенмен, қаржылық алым салынбаса да, жаңа ереже бойынша кедендік шекарадан өтетін барлық онлайн тауарларға бағасына қарамастан міндетті түрде кедендік декларация толтырылуы тиіс. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізілген бұл процесті жеңілдету үшін болашақта электронды сауда операторлары (пошта және курьерлік компаниялар) декларацияны тұтынушының орнына автоматты түрде тегін тапсырады.
Егер пилоттық жоба аясында жұмыс істеп жатқан операторлар жеке тұлғалардан декларация толтырғаны үшін қосымша ақы талап ететін болса, сатып алушылар өз тапсырыстарын мемлекеттік цифрлық жүйелер арқылы дербес түрде тегін декларациялауға құқылы.


