Қарағанды облысындағы Саран қаласында танымал HOWO жүк техникасын өндіретін жаңа зауыт таяу күндері өз жұмысын бастайды.
Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков мәлім етті, — деп хабарлайды jananews.kz.
Жаңа өндіріс және өңірдегі индустриалды жобалар
Вице-министрдің айтуынша, биыл елімізде іске асыру жоспарланған 200 жобаның 125-і толықтай жүзеге асырылып үлгерді, ал қалғандары аяқталу сатысында тұр. Кейбір кәсіпорындарда қазіргі уақытта жабдықтарды іске қосу-баптау жүргізілсе, енді бірінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Қарағанды облысында қолға алынған басты индустриалды жобалар қатарында HOWO жүк көліктерін құрастыру және шығару, Karaganda Insulation компаниясының жылу оқшаулағыш материалдар өндірісі, Алюминий және биметалл радиаторлар шығару өндірісі және заманауи майлау материалдарын шығару жобалары бар.
Бұл бастамалар ең алдымен ішкі нарықтың қажеттілігін сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге, сонымен қатар болашақта өнімді экспортқа шығаруға бағытталған. Үкімет тарапынан осындай өндірістік жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, жыл соңына дейін барлық жоспарланған жобалардың уақытылы іске қосылуы қатаң бақылауға алынған.

