Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО аясында ЖИ технологиясын енгізуге қатысты ұсыныс айтты

Астанада өтіп жатқан Еуразия экономикалық форумы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Одаққа мүше мемлекеттердің назарына жасанды интеллект (ЖИ) пен жаңа технологияларды интеграциялық кеңістікте тиімді пайдалануға бағытталған бірқатар стратегиялық бастамаларды ұсынды.

Мемлекет басшысы заманауи технологиялық шешімдердің экономикалық байланыстарды нығайтудағы рөліне баса мән берді.

Сауда, логистика және өнеркәсіпті цифрландыру бойынша негізгі ұсыныстар

Қазақстан Президенті жасанды интеллект жүйелерін Одақ аясында нақты секторларға енгізудің басым бағыттарын айқындады. Жаңа технологияларды, әсіресе, жасанды интеллектіні сауда және логистика саласына белсенді түрде енгізу аса маңызды. Одаққа мүше елдердің ұлттық цифрлық жүйелерінің өзара байланысын барынша күшейту қажет. Бұл шара нақты уақыт режимінде барлық құжаттарды жылдам өңдеуге, транзиттік кедергілерді уақытылы анықтауға және жүк ағындарын дәл болжауға мүмкіндік береді.

Электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) Одақ кеңістігінде өзара тану бизнес шығындарын айтарлықтай азайтады және ЕАЭО елдері арасындағы алыс-берісті едәуір арттыруға септігін тигізеді.

Өнеркәсіп саласындағы серіктестікті кеңейту барысында жасанды интеллектінің талдамалық және сараптамалық әлеуетін тиімді пайдаланудың практикалық маңызы өте зор. Елдердің азық-түлік қауіпсіздігін бекемдеу мақсатында агроөнеркәсіп кешеніне (АӨК) интеллектуалды жүйелерді енгізу ісіне басымдық берілуі тиіс.

Цифрлық алшақтыққа жол бермеу және бірлескен мәлімдеме

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа технологиялардың жаппай қолданылуы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экономикасының қарқынды дамуына септігін тигізетін аса маңызды фактор екенін қалай айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мынадай маңызды мәселеге назар аударды:

«Жаңа технологиялар Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері арасындағы «цифрлық алшақтыққа» себеп болмауы керек. Керісінше, ол елдеріміздің экономикаларын байланыстырып, ынтымақтастықтың қуатты құралына айналуға тиіс».

Осы мақсатта, Президенттің 2025 жылдың желтоқсанында жасаған ұсынысына сәйкес, форум аясында Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдеме қабылданады. Аталған құжаттың негізгі міндеті — Одаққа мүше елдердің экономиканың басты секторларын цифрландыруға қатысты ортақ ұстанымын қалыптастыру және бір-бірінің мүддесін ескере отырып, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз енгізуді қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстан басшысы ЕАЭО көшбасшыларына бұл құжатты қабылдауға қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді.

Форумның пленарлық сессиясында, сондай-ақ Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Одаққа мүше, байқаушы елдердің басқа да ресми делегация жетекшілері сөз сөйлеп, өз пайымдарын ортаға салды.

Озық технологиялар мен цифрлық шешімдер көрмесі

Еуразия экономикалық форумы аясында Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан Президенттері мен делегация жетекшілері арнайы ұйымдастырылған озық технологиялық және цифрлық шешімдер көрмесін тамашалады.

Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығының мүмкіндіктері мен арнайы жасанды интеллект музейінің жәдігерлері ұсынылды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің цифрлық әлеуетін паш ететін арнайы ұлттық стендтер таныстырылды.

Қазақстан тарапы өз кезегінде елімізде сәтті жүзеге асырылып жатқан және жасанды интеллект саласындағы негізгі жетістіктерді көрсететін Astana Smart City, Alem GPT, Smart Data Finance және Smart Cargo+Keden сияқты отандық цифрлық жобаларды мақтанышпен көрсетті.

Қазақстан мен Ресей президенттері емен көшетін екті — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img