Қазақстан алғаш рет Шуман форумына қатысты

Брюссельде Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі (EEAS) ұйымдастырған Шуман атындағы үшінші қауіпсіздік және қорғаныс форумы өтті.

17–18 қараша күндері Еуропалық Парламент ғимаратында өткен ауқымды жиынға 85-тен астам ЕО серіктес елдерінің, мүше мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың жоғары деңгейлі өкілдері қатысты. Бұл беделді басқосуға Орталық Азия өңірінен тек Қазақстан ғана шақырылды, — деп хабарлайды jananews.kz.

Форумның негізгі күн тәртібі мен басымдықтары

Іс-шараның негізгі күні Еуропалық Парламент президенті Роберта Метсола құттықтау сөз сөйлеп, ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Калластың атынан EEAS бас хатшысы Кайса Оллонгрен баяндама жасады. Жаһандық қауіптер мен белгісіздік жағдайында серіктестікті нығайтуға бағытталған жиында өзекті мәселелер талқыланды. Әлемдегі жаһандық қауіпсіздік және сенімді серіктестік, қақтығыстар мен халықаралық терроризмнің өзара байланысы, заманауи жаңа қауіптерге төзімділік және қорғаныс саласындағы жеткізу тізбектері, сонымен қатар теңіз қауіпсіздігі, кеме қатынасы еркіндігі және көлеңкелі флоттарға қарсы тұру және халықаралық құқықтық тәртіп, бейбітшілікті сақтау және адам қауіпсіздігі мәселелері талқыға түсті.

Брюссель тарапы Қазақстанның бұл форумға қатысуын еліміздің Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі Еуропалық Одақтың негізгі серіктесі ретіндегі маңызды рөлінің дәлелі деп бағалады.

Қазақстанның ұстанымы: ЖИ қатерлері мен жаңа орталық

Жиын барысында қатысушылар адам саудасы, есірткі тасымалы, терроризм және киберқауіпсіздік бағытында күш біріктіру қажеттігіне ерекше тоқталды. Қазақстандық делегация өкілдері лаңкестік ұйымдардың кибершабуылдар жасау үшін жасанды интеллект пен цифрлық платформаларды белсенді қолдана бастағанына алаңдаушылық білдірді.

«Қазақстанның бастамалары мен Үкіметтің осы қауіп-қатерлерге қарсы тұру жөніндегі күш-жігеріне халықаралық серіктестер жоғары баға беріп отыр. Өткен аптада елордада киберқылмыспен күрес жөніндегі конференция өтті. Қазіргі таңда БҰҰ Астанада ұйымның Киберқауіпсіздік және жасанды интеллект орталығын құру жөніндегі Қазақстанның бастамасын қолдап отыр», — деді ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко.

«Әкелер одағы» Қазақстанда энергетикалық сусындарға толық тыйым салуды талап етті — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img