Жаңа Конституцияның күшіне енуімен Қазақстанда адам құқықтары мен жеке бас бостандығын қорғау тетіктері айтарлықтай күшейтілді.
Бас прокуратураның мәлімдеуінше, Негізгі Заңда ұсталған азаматтардың құқықтарын түсіндіру міндеті, кінәсіздік презумпциясы және әділ сот төрелігінің өзге де кепілдіктері конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл конституциялық реформа құқық үстемдігін және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін нығайта отырып, еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашты.
Миранда қағидасы және ұсталған азаматтардың құқықтары
Конституцияның 18-бабында әрбір адамға ұсталған кезде оның бостандығын шектеудің негіздері мен құқықтарын түсіндіру міндеті белгіленді. Бұл норма бойынша ұсталған сәттен бастап адамға бостандығын шектеудің себептері, үндемеуге құқығы, қорғаушы көмегіне жүгіну және жақын туыстарына хабарлау құқығы түсіндірілуге тиіс.
Халықаралық тәжірибедегі Миранда қағидаларына Сәйкес келетін бұл кепілдік адамның алғашқы сәттен бастап өзінің процестік құқықтарын түсінуіне және уақтылы заң көмегін пайдалануына мүмкіндік береді. Ол құқықтарды негізсіз шектеуден қорғап, іс жүргізудің ең бастапқы кезеңінен бастап қорғану құқығын тиімді жүзеге асыруға жағдай жасайды.
Кінәсіздік презумпциясы және туыстарға қарсы айғақ бермеу құқығы
Тағы бір маңызды жаңалық ретінде Конституцияның 19-бабында кінәсіздік презумпциясы, өз-өзіне, жұбайына және заңда айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы, сондай-ақ бір құқық бұзушылық үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа қайтадан тартуға жол бермеу қағидаты бекітілді. Бұл ережелер дербес конституциялық қағидаттар мәртебесіне ие болды.
Кінәсіздік презумпциясы адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен дәлелденгенге доейін кінәсіз деп есептелетінін білдіреді. Ешкім өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес, ал жойылмайтын барлық күмән адамның пайдасына түсіндіріледі. Бұл азаматтарды негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғайды және сот талқылауының объективтілігін нығайтады.
Өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы азаматтарды өзін-өзі әшкерелеуге мәжбүрлеуден қорғаса, бір құқық бұзушылық үшін жауаптылыққа қайта тартуға тыйым салу іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін адамды қайтадан қудалауға жол бермей, құқықтық айқындық пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Құқықтық мемлекет және сот жүйесіне деген сенім
Конституцияда бекітілген бұл кепілдіктер азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін нығайтуға, бостандықтарын қорғау деңгейін арттыруға және адам құқықтары мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық болып табылатын құқықтық мемлекетті одан әрі дамытуға бағытталған. Білім саласындағы құқықтық тәрбие мен азаматтық сауаттылықты арттыру бағдарламалары аясында бұл реформалардың мәнін халыққа кеңінен түсіндіру шаралары жалғасады.


