Қазақстан Оңтүстік Кореяның Employment Permit System (EPS) — шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған мемлекеттік рұқсат беру жүйесіне енгізілді.
Корея Республикасы Үкіметінің шешімімен Қазақстан Е-9 жұмыс визасы бағдарламасына қатысушы 18-мемлекет атанды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
EPS жүйесіне қосылу және іріктеу шарттары
Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Кореяға ресми түрде жұмысқа тарту барлық ұйымдастыру шаралары аяқталғаннан кейін 2028 жылдан бастап жүзеге асады. Бағдарламаның басты артықшылығы — азаматтарды жұмысқа орналастыру жеке делдалдар арқылы емес, тек мемлекеттік ашық жүйе арқылы жүргізіледі. Үміткерлер EPS-TOPIK орталығында корей тілінен тест тапсырып, кәсіби дағдылары бойынша емтиханнан және міндетті медициналық тексеруден өтеді. Қазіргі уақытта бұл жүйеге Қазақстаннан бөлек Орталық Азия елдері (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан), сондай-ақ Филиппин, Моңғолия, Вьетнам, Таиланд, Қытай, Непал бастаған барлығы 18 мемлекет қатысады.
2026 жылдың қаңтарында Қазақстанға келген кореялық сарапшылар делегациясы еліміздің инфрақұрылымы мен заңсыз көші-қонға жол бермеу тетіктерінің толық дайын екенін растаған.
Еңбек министрлігі жүйе ресми іске қосылғанға дейін «Кореяға жедел жұмысқа орналастырамыз» деп ақша талап ететін алаяқтар мен жеке делдалдарға сенбеуге шақырады. Тіркелу және тестілеу туралы барлық мәлімет министрліктің ресми ресурстарында жарияланады.
Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің жаңа белесі басталды — jananews.kz

