Қазақстанда МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарға да бірқатар негізгі медициналық қызметтерді тегін алуға мүмкіндік беретін жаңа өзгерістер ұсынылып отыр, деп хабарлайды jananews.kz.
МӘМС жүйесі жоқ азаматтарға қолжетімді қызметтер
Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен дайындалған бұйрық жобасына сәйкес, азаматтар емханаға алғаш рет жүгінген кезде сақтандыру мәртебесіне қарамастан төмендегі қызметтерді тегін ала алады:
Қан мен зәрдің жалпы талдауы;
Қан қысымын және денсаулық жағдайының негізгі көрсеткіштерін өлшеу;
Электрокардиография (ЭКГ);
Пульсоксиметрия (қандағы оттегі деңгейін анықтау);
Флюорография;
Жекелеген функционалдық зерттеулер;
Құрсақ қуысы ағзалары мен бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі (УДЗ).
Бұл өзгерістер емханалар деңгейінде медициналық көмектің бірыңғай пакетіне көшу аясында қолға алынып отыр. Министрліктің түсіндіруінше, бұл қадам негізгі диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және қызметтердің әртүрлі пакеттерде қайталанбауын қамтамасыз етуге бағытталған.
Пациенттерге автоматты қоңырау шалу жүйесі
Сонымен қатар бұйрық жобасында медициналық ұйымдардың жұмысын жеңілдету үшін пациенттерге автоматты түрде қоңырау шалу жүйесін енгізу ұсынылған. Медициналық ақпараттық жүйелерге біріктірілген арнайы бағдарламалар азаматтарға өздігінен хабарласып, қажетті ақпаратты жеткізеді. Бұл емхана қызметкерлерінің күнделікті жұмыс жүктемесін айтарлықтай азайтады.
Аталған бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға ұсынылған.
Microsoft компаниясы жасыл карта бағдарламасынан шеттетілді — jananews.kz

