Бүгін — қазақтың көрнекті ғалымы, ағартушы, тарихшы, этнограф, саяхатшы әрі дипломаты Шоқан Уәлихановтың туған күні

Небәрі 30 жыл ғұмыр кешсе де, ұлт ғылымы мен мәдениеті үшін өшпес мұра қалдырған біртуар тұлғаның өмір жолы мен атқарған қызметі ерекше мазмұнға толы.

Балалық шағы және алғашқы білім

Шоқан Уәлиханов 1835 жылы Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы Құсмұрын бекетінде Абылай ханның немересі Шыңғыстың отбасында дүниеге келді. Зерек бала 4 жасында хат танып, әжесі Айғанымның тәрбиесімен қазақтың ежелгі аңыздары мен шешендік сөздерін бойына сіңіріп өсті. Құсмұрындағы мектепте оқып жүріп араб, парсы, шағатай тілдерін меңгерді.

1847 жылы 12 жасар Шоқан Омбыдағы ең таңдаулы оқу орны – Сібір кадет корпусына оқуға түсті. Мұнда ол орыс және батыс әдебиетін, тарих, география, философия мен жаратылыстану ғылымдарын терең меңгерді. Кадет корпусында жүріп-ақ қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын қағазға түсірді. Оның бұл еңбегін белгілі шығыстанушы И. Березин жоғары бағалап, ғылыми жұмысқа тартты.

Ғылыми ерліктері мен зерттеулері

1853 жылы кадет корпусын бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал-губернаторының кеңсесінде қызмет атқарды. Осы кезеңде ол бірқатар ғылыми экспедицияларға қатысып, өлшеусіз еңбектер жазды. Ол Ыстықкөлге экспедициясы (1856 ж.) кезінде Қырғыз елін зерттеп, әлем ғалымдары арасында тұңғыш болып «Манас» эпосының ең шұрайлы бөлігі «Көкетай ханның ертегісі» жырын жазып алды. Сол жылы көрнекті географ П. Семенов-Тян-Шанскиймен танысып, 1857 жылы Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылданды.

1858–1859 жылдары әлемдік география ғылымында сенсация тудырған атақты Қашқар сапарынан кейін Петербургке барып, патша II Александрдің қабылдауында болды. Ол патшаға орыс шенеуніктерінің қазақ халқына әділ қарауын батыл жеткізді. Өмірінің соңғы жылдарында «Қырдағы мұсылманшылық туралы», «Қырғыздардың көші-қоны туралы», «Сот реформасы туралы жазбалар» атты терең мазмунды еңбектер жазды.

Қазақ халқының рухани әлемін әлемге танытып, ұлт санасын оятуға өлшеусіз үлес қосқан ұлы ғалымның есімі мен өшпес мұрасы мәңгі жасайды.

Софья Самоделкина Гран-при кезеңінде үздік бестікке еніп, финалға іріктеу жолын жалғастыруда — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img