Экология кодексі өндіріс орындарында мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізуді міндеттейді. Өкінішке қарай, Павлодар облысында бұл талапты жеткілікті орындамай отырған кәсіпорындар бар.
Кәсіпорындардағы өндірістік қалдықтар мен шығарындыларды бақылауды күшейту мақсатында Экология кодексінде 1-санаттағы объектілерге мониторингтің автоматтандырылған жүйесін (МАЖ) енгізу міндетті екені көрсетілген.
Ол — шығарындылар көрсеткішін онлайн режимде қадағалауға және кәсіпорын тарапынан профилактикалық сипатта да жедел әрекет етуге, сондай-ақ мемлекеттік бақылау тарапынан да шаралар қабылдауға мүмкіндік беретін жүйе.
Өңірлік экология департаментінің дерегінше, Павлодар облысы бойынша МАЖ орнату тізіміне 15 кәсіпорын еніп отыр.
Бұлардың ішінде «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Майкубен-Вест» АҚ деректері бірден «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпарат жүйесіне беріледі.
Өзгесінде байланыс арнасын орнату, монтаждау, бағдарламалық қамтамасыз ету, жабдықтарды тестілеу сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда кейбір өндіріс орындары бұл жобаға салғырт қарап отырғаны байқалады.
— МАЖ енгізу талаптарын сақтамағаны үшін департамент 6 нысанға әкімшілік шара қолданды. Атап айтқанда «Павлодарэнерго» АҚ-ның ЖЭО-3 стансасына — 2 млн теңге сомасында, ЖЭО-2 стансасына — 1 млн 661 мың теңге айыппұл салынды. Бұған қоса «Energy Solutions Center» ЖШС, «KSP Steel» ЖШС ПФ, «Павлодар-Водоканал» ЖШС, «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-на заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілді. Олар мерзімінде орындалмаса, әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Ал МАЖ орнату кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен жүзеге асады, — дейді Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков.
https://kaz.inform.kz/news/ekologiyani-zhaksartuga-salgirt-karagan-pavlodarlik-kasporindar-zhazalandi-192ad8/