Алматы кәсіпкерлері халықты референдумға шақырды

Алматының ірі бизнес өкілдері мен қоғам қайраткерлері қала тұрғындарын алдағы маңызды саяси науқан – жаңа Конституция жобасы бойынша бүкілхалықтық референдумға қатысуға шақырды. Instagram желісінде тараған бірлескен бейнеүндеу қоғам назарын аударып, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған ауқымды ақпараттық кампанияның бір парасына айналды.

Бизнес қауымдастығының пайымдауынша, мұндай жалпыұлттық іс-шараға қатысу – әрбір азаматтың ел болашағын айқындауға қосатын тікелей үлесі. Сонымен қатар, бұл демократиялық үрдістердің, сайлау құқығы мен қоғамдық бақылаудың басты көрінісі саналады.

Халықты саяси науқанда белсенділік танытуға үндегендердің қатарында елге танымал кәсіпкерлер мен пікір көшбасшылары бар. Атап айтқанда, Арманжан Байтасов, Бейбіт Әлібеков, Мақсат Қиқымов, Раушан Әубәкірқызы, Ерлан Жайлаубай және Гүлнара Бижанова сынды азаматтар сайлаушылардың құқықтық сауаттылығы мен жауапкершілігінің маңыздылығын алға тартты. Олардың пікірінше, референдум – қоғамға елдің болашақ даму бағдарын анықтайтын тарихи шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды құрал.

Бұл бастамаға Freedom Holding Corp. басшысы, белгілі кәсіпкер Тимур Турлов та қосылды. Ол елдің Негізгі заңын терең түсінудің және оны қоғам болып талқылаудың стратегиялық маңызына тоқталды.

«Конституцияны білу мен түсінуден артық не болуы мүмкін? Бұл – біздің еліміздің бүкіл құқықтық және мемлекеттік жүйесінің философиясы мен тәжірибесін анықтайтын негіз», — деп атап өтті Тимур Турлов.

Өз кезегінде, танымал кәсіпкер Тұрсен Алагузов алдағы дауыс беру күнін еске сала отырып, халықты тарихи сәттен қалыс қалмауға шақырды. Ол: «Жаңа Конституция жобасы бойынша бүкілхалықтық референдум 15 наурызда өтеді. Сіздерді шетте қалмай, осыған атсалысуға шақырамын», — деді.

Сарапшылардың бағалауынша, ірі бизнес өкілдерінің саяси процестерге ашық араласып, халықты дауыс беруге шақыруы – заманауи саяси PR мен демократиялық тәрбиенің айқын үлгісі. Бұл қоғамдық ұйымдар мен билік институттарының ғана емес, кәсіпкерлердің де елдегі тұрақтылық пен заң үстемдігіне мүдделі екенін көрсетеді. Үндеу авторлары сөз соңында Алматы тұрғындары бұл жолы да жоғары саяси мәдениет танытып, маңызды оқиғадан сырт қалмайтынына сенім білдірді.

Илон Маск Grok AI-ға қатаң тыйым салды

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img